30 қаң, 2019 сағат 14:23

Назарбаев: Бізде жұмыссыздық мәселесі жоқ, мамандық тапшылығы бар

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңірлердегі 20 ЖОО-ны Назарбаев Университетінің деңгейіне жақындатуды және 200 колледждің жұмысын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Аппаратының сауалнамасы бойынша жұмыс берушілердің 70 пайызы кәсіптік және техникалық білім алып, жұмысқа орналасқандарға көңілі толмайтын болып шықты. Өмір тез өзгеріп келеді. Жаңа технологиялар мамандықтардың жаңа дағдысын талап етеді. Міне, сондықтан, жастармен кездескенде 20 негізгі ЖОО-ны жаңғырту тапсырмасын жүктедім. Әрбір облыстағы негізгі ЖОО-ларды Назарбаев Университетінің деңгейіне жақындату керек. Әлбетте, 100 пайыз жақындату мүмкін болмас. Десе де, білім сапасы бойынша жақындатуға тиіспіз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сонымен бірге әрбір өңірдегі 10 колледжде заман талабына сай жаңа мамандықтарды оқыту керектігін атап өтті.

«Әр облыста қандай мамандықтардың керектігі белгілі ғой. Бізде жұмыссыздық деген мәселе жоқ. Бізде мамандық деген мәселе бар. Жан-жақтан, облыстардан Астанаға келеді. Барлық жерде құрылыстар жүріп жатыр. Жұмысшылар жетіспейді. Дәнекерлеуші, құрылысшы жоқ. Бұл жерде аспаз, бала тәрбиелеуші, даяшылар тапшы. Мәселе сонда. Жұмыссыздықта емес», - деді Елбасы.

Осы себепті Президент әр аймақтан 10 колледжден іріктеп, жоғары деңгейге шығаруды жүктеді.

«20 ЖОО мен 200-ге тарта жаңа колледжді айқындау тапсырмасын Сағадиев пен Әбілқасымоваға тапсырамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске сала кетсек, Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті.