15 қар, 2016 сағат 10:38

Назарбаев бейнеленген банкноттың нақты таралымы белгілі болды

- ҚР Ұлттық банктің қолма-қол ақша басқармасының бастығы Тоғжан Әбішеваның айтуынша, жаңа купюраның таралымы сондай, оған ие болған адам одан айырылмауға тырысады, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Жаңа банкнотта заманауи қорғаныш элементтері жинақталған. «Біріншіден, арнайы жолақта Астананың понорамалық көріністері, ою-өрнектер және тағы басқа ұлттық нақыштағы суреттер бейнеленген. Купюраның бет жағында даму мен жаңғырудың символы - өмір ағашы көрініс тапқан. Әлбетте, басты сурет ол - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті. Оны интаглио әдісімен жасаған, бұл - рельефтік баспа. Жалпы, жаңа банкнотта онға жуық қорғаныш элементтері бар», - дейді Т.Әбішева.

Жаңа купюраның таралымы шектеулі. Оны желтоқсанның 1-і - Президент күніне орай шығару жоспарланып отыр. «Таралымы - 100 мың дана. Ол ақшамен есеп айырысуға әбден болады. Бірақ ондай купюраға ие болған адам одан айырылмауға тырысатын сияқты», - дейді басқарма бастығы.

Айта кетейік, бүгін Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл: ұлттық валюта» тақырыбындағы конферения аясында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген жаңа 10 000 теңгелік банкнотты таныстырды.