03 сәу, 2018 сағат 17:42

Назарбаев «Астана Бас жоспарымен» танысты

Елбасы «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалық институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы елорданы абаттандыру жөніндегі жобалардың іске асырылу барысымен, сондай-ақ қаланың инфрақұрылымдық және әлеуметтік-мәдени нысандарының құрылыс жоспарымен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаев Астанада жаңа сәулет және логистика ғамараттарын салу кезінде қала құрылысы саласындағы әлемдік жетістіктерді зерттеп, оларды қолдану қажеттігін атап өтті.

Қазақстан Президенті қаладағы өмір сүру сапасы мен жайлы тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырудың маңызды екенін айтты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елорданың 20 жылдығына арналған мерекелік іс-шараларды ұйымдастырып, өткізу мәселесіне баса назар аударды.

– Біз 20 жыл ішінде Ұлы Даланың дәл ортасында бүкіл әлемге танылған жаңа әсем қала тұрғыздық. Бұл қала халқымыздың мақтанышына айналды. Әрине, бұл – қала әкімшілігінің, құрылысшылардың, сәулетшілер мен осы үдеріске атсалысқан көптеген адамның маңдай терінің жемісі. Біз биыл елордамыздың 20 жылдығын тойлаймыз. Қонақтарымыздың бәріне елорданың жиырма жылда қол жеткізген тартымдылығын, әсемдігін және тыныс-тіршілігінің жоғары деңгейде екенін көрсетуіміз қажет, – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Астана қаласының әкімі елорданы одан әрі дамыту және қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартудың негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.