Мәскеуде оппозициялық саясаткер Алексей Навальный қамауда отырған тергеу изоляторының профилактика комиссиясы оны қашып кетуге бейімі барлар есебіне қойды. Бұл туралы саясаткердің өзі Instagram-да мәлімдеді.
Навальныйдың сөзінше, бұл шара қаңтарда жарық көрген зерттеуі үшін қысым көрсету ретінде қабылданып отыр. Youtube желісінде жарық көрген зерттеу фильмі Ресей президенті Владимир Путинге тиесілі деген "сарайға" арналған.
Оппозиционер өзінен комиссияның шешімімен танысқаны жөніндегі қағазға қол қоюды талап еткенін мәлімдеді.
- 2 ақпан күні Мәскеу соты Алексей Навальныйды 2014 жылғы алаяқтық жөнінде шартты жаза үкімі бойынша 2 жыл 8 ай түрме жазасына кесті. 2017 жылы Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты оппозиционерді соттауға ілік болған "Ив Роше" ісін заңсыз деп тауып, оның сотталуы Навальныйдың әділ сотқа деген құқығын бұзды деп мәлімдеді. Оған тіпті өтемақы да төленген. Бірақ Ресей жоғарғы соты үкімді заңды деп танып, оны өзгертуден бас тартқан.
- Батыс елдері Навальныйдың қылмыстық қудалануын айыптайды. Олар Ресей билігінен оның улануын тергеуді де талап етті. Сотқа кемі 10 мемлекеттің дипломатиялық миссиясы қатысты. Миссия жібергендердің көбі – Еуропа елдері. Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова мұны елдің ішкі ісіне араласу деп бағалады.
- Алексей Навальный 2020 жылғы 20 тамызда Томскіден Мәскеуге жол тартқан ұшақтың бортында есінен таңып, оны алдымен Омбыдағы ауруханаға жатқызып, кейінірек Германиядағы клиникаға алып кетті. Ол жақта мамандар саясаткердің ағзасынан әскери удың іздерін тапты. Еуроодақ, АҚШ және Ұлыбритания удың химиялық қаруға қатысы барын айтып, Ресей билігінен түсініктеме талап етті. Ресей билігі дәрігерлерге сілтеп, улау фактісін жоққа шығарады.
- Навальный есін жиып, Берлиндегі "Шарите" клиникасынан шыққан соң Германияда бірнеше ай болып, сауықтыру емін қабылдаған. Ресей жазаны атқару федералдық қызметі (ФСИН) саясаткерді қайда жүргені туралы дұрыс ескертпеді деп айыптап, оның 2014 жылғы үкім бойынша шартты жазасын түрме жазасына ауыстыруды талап етті. Навальный болса, елде түрмеге жабылуы мүмкін екенін біле тұра, 17 қаңтар күні Мәскеуге оралды. Ресей полициясы оны тура әуежайдан ұстап әкетті. 19 қаңтар күні Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қоры екі сағатқа жуықтайтын зерттеу фильмін жариялады. Онда Ресей олигархтарының Қара теңіз жағасындағы зәулім үйдің құрылысына 1,3 миллиард доллар жұмсағанын, үйдің ел президенті Путинге тиесілі екені айтылады.