Ресейде оппозициялық саясаткер Алексей Навальный мен өзге "саяси тұтқындарды" қолдап, әлеуметтік желіде видео жариялаған полиция қызметкері жұмыстан қуылды.
Мәскеудің оңтүстік-батысынан 460 шақырым жердегі Курск қаласының полициясында істеген Руслан Агибалов 22 қаңтарда Youtube желісінде видео жариялағаннан соң бір сағат өтпей жатып "абыройсыз қылығы үшін" жұмыстан шығарылған.
Шамамен 30 мың рет көрілген видеода Агибалов елде билікті сынағандардың қатаң қудаланып жатқанын алға тартып, балаларының болашағына алаңдайтынын жеткізген.
"Мен сонымен бірге балаларым өскен кезде "әке, біздің еркін әрі ауқатты елде өмір сүруіміз үшін не істедің?" деп сұраған кезде жауап таба алмай, қиналғым келмейді" деген.
Полиция қызметкері бұған қоса видео жариялауына түрлі қылмыстық істер атап айтқанда, Хабаровскінің бұрынғы губернаторы Сергей Фургалдың қамалуы және президент Владимир Путиннің сыншыларының "жұмбақ өлімін" (танымал хип-хоп әншісі Кирилл Децл Томацкий және танымал жүргізуші Сергей Доренконың қазасы) сараптау түрткі болғанын айтқан.
Былтыр Фургал ұсталғаннан кейін Қиыр Шығыстағы Хабаровскіде ірі наразылық тұтанған.
23 қаңтарда Ресейдің түрлі қалаларында ондаған мың адам Кремль сыншысы Алексей Навальныйды босатуды талап етіп, наразылыққа шықты. Бақылаушылар оны соңғы бірнеше жыл ішіндегі наразылықтардың ең ірісі деп атады.
"Новичок" уымен уланып, ауруханаға түскен Алексей Навальный Германияда емделіп, 17 қаңтарда Ресейге келген бетте Мәскеу әуежайында ұсталған. Ол өзіне қастандықты билік ұйымдастырды деп айтқан.