01 нау, 2021 сағат 12:38

Наурыз айында ел аумағында қандай мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады?

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі наурыз айында Қазақстанда өтетін іс-шаралардың кестесін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Осы орайда наурыз айы қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүрінің айы ретінде белгіленіп отыр. 

«Кез келген халық үшін Тәуелсіздік күнінің орны бөлек. Биыл 2021 жылы еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтіп жатыр. Осынау ұлық мерекеге арналған республикалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрлігі түрлі 500-ге жуық іс-шарадан тұратын қосымша жоспар әзірледі. Бұл қатарда театрландырылған қайылым, фестиваль, көрме, лекция, ғылыми конференция, шеберлік сабағы, арнайы онлайн платформа, челлендж, акция, флеш-моб сынды көптеген іс-шара бар», - делінген ведомство мәліметінде. 

Аталған іс-шаралар ұлттық мәдениетті ілгерілетуге, салт-дәстүрлерді жандандыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты, соның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағытталған. 

Жалпыреспубликалық спорт бойынша наурыз «Қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүр» айы ретінде белгіленді. Осы айда мерейтойдың мазмұнын байытуға арналған мәдени іс-шаралар өтеді. Жалпы алғанда наурыз айында бірнеше атаулы мереке қатар тұр. Мәселен, айдың алғашқы күні -Алғыс айту күні, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мен қыз-келіншектер мерекесі, 22 наурыз – түркі халықтарының Жаңа жылы. Яғни, түрлі іс-шаралар наурыздың алғашқы күнінен бастап, соңынан дейін жалғасады. 

1 наурызда ел бойынша 250-ге жуық арнайы жоба өтеді. Оның 60-тан астамы республикалық ұйымдар еншісінде. 

Мысалы, «Астана балет» мемлекеттік опера және балет театры дәрігерлерді «Тайны закулисья» жобасына шақырса, «Қазақконцерт» ұжымы мұғалімдер мен дәрігерлерге «Мейірімді болайықшы, бауырлар!» концертін, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры мұғалімдерді «Мұғалім» қойылымын, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры дәрігерлер, мұғалімдер мен экологтарға арналған музыкалық кеш ұсынады.

Осы ретте түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен «Алғыс айту – парызым» атты челлендж бен «С благодарностью медработникам и учителям!» акциясы басталғалы тұр. 

Сонымен қатар «Сырлы саз – Отанға» атты республикалық өнер керуені, М.Ю. Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Верная жена» спектаклі, ҚР Ұлттық кітапханасы № 1 балалар үйін қолдау мақсатында «Аялы алақан» қайырымдылық акциясы, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің қатысуымен «Отаным болған қазақ жеріне алғыс айтамын!» дөңгелек үстелі өтеді. 

Халықаралық әйелдер күніне орай бірқатар қайырымдылық концерт өтеді. Олар: «Тәуелсіздік құрдастары», «Ақбілек» қойылымының премьерасы, «Бейнелеу өнері шығармаларында әйел образы» көрмесі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» қорындағы ұлттық фильмдер көрсетілімі, «Әдебиеттегі әйел жазушылар» дөңгелек үстелі отырысы, сондай-ақ тетрлардағы түрлді қойылымдар. 

14 мамыр «Көрісу күні» қарсаңында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыка драма театры ұжым ардагерлерімен кездесу, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «Амал-көрісу мерекесі Қазақстанның ежелгі географиясы мен қазіргі мәдениеті аясында» атты дәріс, М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры «Жүз жылдық махаббат», «Оң қол» драмасының көрсетілімін, Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облысының филармониясы «Көрісейік ағайын!» концертін, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облысының қазақ драма театры «Көрісу дәстүрі» спектаклін ұйымдастырады. 

Күллі түркі халқы үшін жаңарудың символына айналған Наурыз мерекесіқарсаңында 21 мен 23 наурыз аралығында елімізде 500-дей іс-шара өтеді. Бұл жиындар ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртуға, экология мәдениетін қалыптастыруға, халық арасындағы достық байланысты нығайтуға оң ықпал етеді. Осы іс-шараның бәрі «Әз Наурыз – ұлттық сананың, ұлттық бірліктің жарқын көрінісі»,-деген ұранмен өтеді. 

Мысалы, ұлттық тағам түрлерінің жәрмеңкесі, өлкетану экскурсия, концерт, этнокөрме, театрландырылған қойылымдар қамтылмақ.

Бұл іс-шалар жайында Мәдениет және спорт министрлігі сайтында толығырақ танысуға болады.