1 қазанда туризм саласындағы «National Tourism Awards 2019» ұлттық байқауына өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы «Қазақ Туризм» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев айтты.
«National Tourism Awards 2019» ұлттық байқауы бизнесті өз иинфрақұрылымын жақсартуға, бәсекеге қабілетті болуға ынталандыруды көздейді. Байқаудың 10 аталымында бизнестің барлық салалары қамтылған. Онда жайғастыру орындары, туристік операторлар, блогерлер және биыл «Үздік туристік жоба» номинациясын қостық. Бұл қандай да бір ерекше қонақ үй болуы мүмкін немесе этноауыл, іс-шара. Министрлік бұл жобаға қаражат бөледі», – деді Т.Дүйсенғалиев.
Оның айтуынша, министрлік (Мәдениет және спорт министрлігі - ред.) осылайша жақсы жобасы бар, бірақ қаржыландыру жетіспейтін бизнеске қол ұшын созғысы келеді. Мұндай жүлдедер туризм саласындағы көшбасшыларды анықтауға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, Туризмді дамыту департментінің директоры Гауһар Жеңісбек ұйымдастырушылар мен серіктестердің арнайы жүлделері көбейгенін атап өтті. Іріктеу 10 аталымда онлайн дауыс беру арқылы жүреді.
1. «Жылдың үздік туристік компаниясы»
2. «Үздік гид-экскурсовод»
3. «5* санатындағы үздік қонақ үй»
4. «4* санатындағы үздік қонақ үй»
5. «3* санатындағы үздік қонақ үй»
6. «Үздік шипажай»
7. «Балалар мен жасөспірімдер туризмі бойынша үздік жоба»
8. «Туризмді насихаттау бойынша үздік жоба»
9. «Туризм туралы үздік блог»
10. «Оқиғалық туризм бойынша үздік жоба»
Арнайы номинациялар:
1. «Қазақстандағы туризмді дамытуға қосқан үлесі үшін»
2. «Үздік бизнес-жоба»
3. «Қолөнерді дамытуға қосқан үлесі үшін».
«National Tourism Awards 2019» байқауына өтінімдер 1-31 қазан аралығында www.tourismawards сайтында қабылданады.
Гауһар Жеңісбектің айтуынша, БАҚ қызметкерлеріне арналған
«Үздік PR мақала, ТВ-жоба, интернет-жоба» аталымдары биыл «Туризмді насихаттау бойынша үздік жоба» деп кеңейтілген.