«Қазақпыз ғой» деп жырлап, өзін заманауи жырау санайтын Жан Ахмадиев Алматыда «қазақтыққа» жатпайтын әрекетімен сөзге қалды, деп хабарлайды Baq.kz.
Видеодан байқағанымыздай, өзгенің ауласына тұрақтаған көлік ішінде үш жігіт айналасына қоқыс тастап, үй иесінің ашуын келтіреді.
Әдепсіз жігіттердің әрекетін бейнекамераға түсіріп, тәртіпке шақырмақ болған азамат ақыры соңында өзі соққыға жығыла жаздады. Қалпағын жапыра киіп, жан-жағына шырт-шырт түкіріп отырған жігіт «Қазақпыз ғой» деп жырлап, қоғамның көзайымына айналған жас рэпер Жан Ахмадиев екен. Қасында «Бақай» тобының мүшесі бар.
Шемішкені далаға шағып, ол аз дегендей, ішкен сусындарының қалбырын көшеге тастаған Жан Ахмадиев мәдениетсіз әрекетін мойындамай, керісінше, болған жайтты камераға түсірген жігітті бейәдеп сөз астына алды. Жергілікті тұрғынның сынына ұшыраған рэпер сөз көтере алмай, оған, тіпті, жұдырық ала жүгірді.
Осы оқиғаның анық-қанығын білу үшін Nur.kz тілшілері Жанның өзіне қоңырау шалған екен. Сері жігіт оқиғаның екі апта бұрын болғанын айтты. Сөз арасында шашқан қоқысын жинап кеткенін айтып, ақталуға тырысты.
Сондай-ақ өзін «мәмбет» деп намысына тиген жігіттің үйіне барып, мәселенің мән-жайын сол жерде тарқататынын жеткізді.
Ескерту, видеода бейәдеп сөздер бар!