11 жел, 2020 сағат 18:55

Нағыз офицерді тәрбиелегеніңіз үшін рахмет: Серік Күдебаев қаза тапқан полицейдің анасымен сөйлесті

Бүгін әлеуметтік желі арқылы халықпен онлайн кездескен Алматы облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаевқа қызмет барысында қаза тапқан полиция полковнигі Айдын Асқарбаевтың анасы қоңырау шалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бір қылмыстық істің тергелуіне қатысты хабарласқан қарт анаға көңіл айтқан бас полицей «өз ісінің кәсіби шебері, нағыз патриот» бала тәрбиелегені үшін алғысын жеткізді.

«Полиция полковнигі Айдын Асқарбаев білікті маман болатын. Әртүрлі бөлімшелерде басшылық қызметте болған ол үздік нәтижелерге қол жеткізуші еді. Өкінішке қарай, қызмет бабында көлік апатынан қайтыс болды. Біз оны ұмытпаймыз, құрмет тұтамыз!»,- деді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Серік Күдебаев.

 

Естеріңізге сала кетейік, Алакөл ауданы полиция бөлімінің бастығы Айдын Асқарбаев 2016 жылы көлік апатынан қайтыс болған. 

Оның жарқын бейнесін естен шығармаған әріптестері оның жолдасы Үмітке биыл «Офицер жұбайы» медалін таққан. 

Қызметін атқару кезінде қайтыс болған полицейлердің отбасына полиция департаментінің тарапынан үнемі көңіл бөлінетінін атап өту қажет.

Тікелей эфирде тілдескен соң полиция басшысы кейуананың мәселесін өз бақылауына алатынын айтып, қоластындағыларға тапсырма берді.