Коронавирус инфекциясын жұқтырған бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров халықты сақтануға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Құрметті достар, әріптестер! Өздеріңіз білетіндей, қазір мен елордадағы стационарлардың бірінде жатырмын. Маған қатысты жаңалық осыншама резонанс туғызар деп ойлаған жоқпын. Қолдау білдірген лебіздерді оқып жатырмын. Қолдауларыңыз маған күш береді. Сіздерге көп рахмет», - деп жазды Камалжан Надыров Facebook парақшасында.
Бұрынғы вице-министр ауруды жеңіл көтеріп жатқанын айтады.
«Дәрігерлер барынша жігерлі әрі үйлесімді, кәсіби жұмыс істеуде. Осы уақытқа дейін шеберлігін шыңдағаны көрініп тұр. Олар нағыз Батырлар! Оларға тағзым етем. Қызмет бабымен аймақтарды аралап, әріптестермен кездесіп, ауруханаларда болдым. Ауруды жұқтырып алу қаупін ескере отырып, COVID-19 бойынша қайта-қайта тестілеуден де өтіп жүрдім. Бұрын тест нәтижелерінің бәрі де жұқтырмағанымызды көрсеткен еді. Бірақ кеше кешке нәтиже басқаша болып шықты. Бұл біздің көзге көрінбейтін жауымыздың қаншалықты зұлым екенін тағы бір мәрте көрсетіп отыр», - дейді ол.
Камалжан Надыров емханаға жатпағанда Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінде жұмысын бастауы керек еді.
«Қалай сауығам, солай қатарға қайта қосылып, өзіме тапсырылған аумақта жұмысымды жалғастыра беремін. Әзірше қашықтан еңбек етемін. Қазақстандықтарға тағы да айтарым: вирус біз ойлағаннан да жауыз. Оның кей адамның бойында көрінбей тіршілік етуі – біздің диагностиканы күрделендіре түседі. Сол себепті алдын алудың барлық қамын қарастырған абзал. Оқшаулану керек. Өздеріңізді сақтаңыздар!» - деп жазады Камалжан Надыров.