04 мам, 2021 сағат 11:46

Мырзахметов «Бизнеске арналған Үкімет» порталының қашан іске қосылатынын айтты


«Бизнеске арналған Үкімет» порталы мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетілетін 570 қызметті онлайн платформаға шығарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Үкімет отырысында осындай мәлімет айтты. 

«Мемлекет қолдауының арқасында «Атамекен» аудан орталықтарында шағын кәсіпкерлерге ақпараттық көмек көрсетіп отыр. Яғни, қандай жобаларға қалай қатысуға болады деген сияқты сұрақтарға жауап береміз. 2019 жылдан бастап бұл қызметтің бәрі онлайн түрде көрсетіле бастады. Өткен жылы қызметтің 30 пайызы онлайн көрсетілсе, бірінші тоқсанда 50 пайызға жетті. Жылдың аяғынан, келесі жылдың басынан толық 100 пайыз онлайнға көшу туралы талап қойып отырмыз», - дейді палата төрағасы. 

Оның сөзіне қарағанда «Атамекен» көрсететін көмектің ең негізгі түрі – бухгалтерлік немесе салық есебін өткізу көмегі. Құқықтық, мемлекеттік тапсырыстарға қатысу, маркетинг бойынша да көмек сұрайтындар көп көрінеді. 

«Осы 4 қызмет барлық көрсетілетін қызметтің 80 пайызын алып жатыр. Мемлекет басшысы «Бизнеске арналған Үкімет» порталын құру туралы тапсырма берген болатын. Осы жобада «Атамекенге» тиісті заңнамалық құзырет берілді. Үкіметпен тиісті келісімшартқа қол қойдық. Яғни, кәсіпкерлерге берілетін қыземттің бәрін «бір терезе арқылы» цифрлық форматта беру көзделіп отыр. Айта кетсек, 32 қаржылық көмектің бәріне (субсидия алу, мемлекеттік кепілдеме алу қызметтер және т.б.) және қаржылық емес көмектің бәріне атсалысамыз», - деген Абылай Мырзахметов «Бизнеске арналған Үкімет» порталының келесі жылы қолданысқа берілетінін атап өтті. 

«Орта есеппен кәсіпкерлерге мемлекеттік органдар 570 көмек береді. Осы қызметтің бәрі аталмыш порталда біріктіріледі. Жыл аяғына дейін аяқталып, келесі жылдан бастап барлық қызмет, көмек көрсету шаралары кәсіпкерлерге цифрлы түрде беріледі», - деді «Атамекен» басшысы.