28 жел, 2021 сағат 16:02

Мырзағалиев: Дизель бағасы арзан болса, ЕАЭО нарығына көлеңкелі импорт көбейеді


Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Еуразиялық экономикалық одақ нарығының Қазақстандағы дизель бағасына қалай әсер етіп отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2025 жылға дейін Еуразиялық экономикалық одақтағы көрші елдермен салыстырғанда жанармай бағасында айтарлықтай айырмашылық болмауға тиіс. Үлкен айырмашылық болса, бірден жанар-жағармай тапшылығы байқалады. Оған биыл болған фактілер дәлел. Мысалы, тамыз, қыркүйек айларында дизель тапшы болды. Сол кездегі дизельдің көрші елдердегі бағасына қарасақ, үлкен айырмашылық болған», -деді ведомство басшысы.

Аталмыш ұстанымын ол мынадай фактілермен түсіндірді. 

«Сол кезде дизельдің орташа бағасы еліміз бойынша - 200 теңге болса, Өзбекстанда - 380 теңге, Ресей Федерациясында - 300 теңге, Қырғызстанда - 320-330 теңге болып тұрды. Тапшылықты жою мақсатында 280 мың тонна дизель импортталды (ЕАЭО өзге елдеріне Қазақстаннан – ред.). Әрине, бағасы да көтерілді. Қазір орташа баға 245 теңге болып тұр. Осындай баға орнатқаннан кейін ешқандай бір тапшылық және көлеңкелі импорт (ЕАЭО өзге елдеріне Қазақстаннан – ред.) байқалып жатқан жоқ», - деді министр.