Бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Джакартадағы жаттығулары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
- Мырзағали Құланұлы, Джакартаның ауа райына үйлесіп жатырсыздар ма?
- Иә, боксшылар ауа райына бейімделіп қалды. Негізі, боксшылардың жарысы 24 тамызда басталады. Біз Джакартаға екі түрлі себеппен ерте келдік. Біріншісі, осы жақтың ауа райына бейімделу. Ал екіншісі Азиаданың ашылу салтанатына қатысу. Себебі, ашылу рәсімінде Қазақстанның байрағын біздің боксшымыз Әбілхан Аманқұл алып шығатын болды. Міне, осындай себептерге байланысты ерте келуге тура келді.
- Жаттығатын орталарыңыз, жататын қонақүйлеріңіз, ішіп-жейтін тамақтарыңыз қалай? Көңілдеріңіз толып жатыр ма?
- Мұнда келген барлық спортшыларға бірдей жағдай жасалған. Бір елдің спортшыларына жайлы, бір елдің спортшыларына жайсыз қызмет көрсету деген жоқ. Жалпы, жарысты ұйымдастыру қызметі көңілімізден шықты. Тамақтары да ұнады.
- Бәсекеде қай елдің боксшылары басты қарсылас болуы мүмкін?
- Бұйырса, тамыздың 23 күні жеребе тартылады. Жеребеден кейін барып кімдердің қарсылас болатынын білетін боламыз. Әзірге, қарсыластар туралы айту ертерек.
- Жалпы, жарысқа дайындықтарыңыз қалай болып жатыр?
- Дайындығымыз өте керемет. Боксшылар да көтеріңкі көңіл-күйде жүр. Ең бастысы, жеңіске деген сенім мен үміт бар. Бізден жеңіс күтіңіздер, жеңісті күндерде жолығайық.
- Әңгімеңізге рахмет!