26 қыр, 2016 сағат 15:07

Мұтанов ғылым мен технология саласындағы исламдық ISESCO сыйлығының иегері атанды

Қазақстандық ғалым ғылым мен технология саласындағы исламдық ISESCO сыйлығының иегері атанды.

Білім беру, ғылым мен мәдениет бойынша Исламдық ұйымның халықаралық сыйлығы (ISESCO) ұйымға мүше мемлекеттердің ғалымдарына биология, химия, геология, математика, физика және ғылыми технологиялар саласына сіңірген ғылыми-инновциялық еңбегі үшін екі жылда бір рет тағайындалады. Сыйлықтың құрамына сертификат, алтын медаль мен ақшалай сыйақы кіреді.

Биыл математикалық модельдеу мен техникалық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерді басқаруда сіңірген ерен еңбегі үшін беделді марапатқа қазақстандық ғалым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов ие болды. Аталмыш марапат Ғ.Мұтановтың ғылыми қызметінің халықаралық дәрежеде екенінің дәлелі.

ISESCO «Исламдық конференция» ұйымымен 1979 жылы құрылған болатын. Бүгінде ол әлемнің 50-ден аса мемлекетінің басын біріктіріп отыр. Халықаралық ұйымның қызметі мұсылман мемлекеттеріндегі мәдениеттің, ғылым мен білімнің дамуына жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.