Бүгін күллі мұсылман үшін ұлық саналатын Құрбан айт мерекесі басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ораза айттан кейін 70 күн өткенде келетін Құрбан айт мерекесін көпшілік мұсылман 3 күн қатарынан тойлайды. Биылғы Құрбан айт мерекесі ғұламалар кеңесінің бекітуімен 31 шілде, 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп тұр. Яғни ұлық мерекенің алғашқы күні – қасиетті жұмаға дөп келді. Әйтсе де, еліміздегі карантин мерзімі 2 тамызға дейін ұзартылғандықтан, республика бойынша мешіттер жабық. Осыған байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды.
Елдегі эпидемиологиялық ахуал Құрбан айт мейрамын жылдағыдай мерекелеуге мүмкіндік бермей тұр. Бұл жағдайға бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы түсіністікпен қарауға шақырған болатын.
Мерекенің басты рәсімі – жаратушы разылығы үшін құрбан шалу. Бұл рәсім діни наным бойынша Ибраһим пайғамбар заманынан бері келе жатыр деп есептеледі. Құрбан шалу ұлық ғибадат әрі жағдайы келген мұсылманға уәжіп. Осынау ғибадатты орындау мақсатында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы халықтың өтінішін ескере отырып, биыл алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Осы мақсатта qurban2020.kz сайты ашылып, 24 шілдеден бастап тәулік бойы жұмыс істей бастады. 30 шілдеге дейін құрбан шалуға онлайн тапсырыс қабылданды. Кез келген азамат онлайн құрбан шалуға тапсырыс бере алады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, онлайн режимде тапсырыс қабылдап, құрбандық етін мұқтаж жандарға тарату тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, БАӘ сынды бірқатар мұсылман мемлекетте бұрыннан қалыптасқан және дәстүрге айналған.
«Бұл жүйенің басты ерекшелігі – құрбандық еті түгелдей мұқтаж жандарға таратылады. Алғаш рет іске қосылғалы тұрған сайтта кемшіліктер болуы мүмкін. Техникалық қиындықтар туындаса, құрметті халайық, түсіністікпен қарауды өтінеміз. Онлайн құрбандық жүйесін ашудағы мақсат – сын-сағатта пайда табу емес, халықтың құрбан шалуға деген қажеттігін қамтамасыз ету. Діни басқарманың мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалуды ұйымдастыру. Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде дағдыға айналған малды таңдау, қасапшы жанына барып қатысу мүмкіндігі болмайын деп тұр. Бұл жобаны карантин кезінде құрбан шалғысы келген азаматтардың ниетін жүзеге асыру мүмкіндігі ретінде ұсынып отырмыз. Алла қаласа, аталмыш жоба келесі жылы өз жалғасын табады деп үміттенеміз. Онлайн құрбандық шалуда имамдарымыз делдалдық қызмет жасамайды. Екі ортада жүріп пайда табумен айналыспайды. Біздің міндет – халыққа қызмет, құрбандық шалуды ұйымдастыру мен құрбан еттерін мұқтаж жандарға үлестіріп беру ғана», - деген еді Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Осы кезге дейін азаматтар құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігіне ағайын-туыс, көрші-қолаңға айт дастарханын жаятын. Пандемия жағдайына байланысты биылғы онлайн құрбандық шалынғанда еттің үштен бірі берілмей, түгелдей әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған азаматтарға, мұқтаж жандарға үлестірілетін болды.
Карантин кезінде онлайн құрбандық шалу жобасына мемлекетіміз қолдау көрсетіп отыр. Әр облыста құрбан шалатын орындар белгіленіп, жергілікті әкімдік пен санитарлық дәрігерлердің рұқсатымен, тәртіп сақшыларының қадағалауымен карантин талаптарын қатаң түрде сақтай отырып орындалады.
Бұл ретте Наурызбай қажы Тағанұлы әр облыстың діни ахуалына жауап беретін мекемелерді діни басқарманың облыстық өкілдіктерімен бірге жұмыс істеуге шақырды. Осы мақсатта діни басқарма мен облыстық мешіттер жанынан ақпарат орталықтары да құрылған. Онлайн құрбандық туралы білгісі келетін азаматтар осы орталықтарға хабарласа алады.
Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы халықты осындай қиын-қыстау кезде пендешілікке салынбай, пайда табу мен алыпсатарлыққа бармай, мал бағасын қымбаттатпауға, халықтың жағдайын ескеруге шақырады. Қасапшылар да өз қызметіне алатын ақысын қымбаттатпай, жанашырлықпен елге қызмет етер деп үміттенеді.
Құрбан шалу үшін облыс, қала әкімдерін, санитарлық-эпидемиологиялық басқарма қызметкерлерін тәртіп сақшыларымен бірлесіп атсалысуға үндейді.