25 жел, 2025 сағат 17:20

Мұрат Әбенов: «Банктердің ішінде сатқындар мен қылмыскерлер отыр»


 Фото: facebook.com/QazaqstanHalqyna

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов банктерді азаматтардың жеке деректерін заңсыз пайдаланып отыр деп айыптады. Ол электронды үкімет жүйесі арқылы қаржы ұйымдары азаматтардың келісімінсіз несие рәсімдей алады деген уәж айтты. Депутаттың пікірінше, банк алаяқтығының басым бөлігі шетелдік қылмыскерлерден емес, қаржы ұйымдарының өз ішінен шығып отыр. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

«Банктерге азаматтардың жеке деректерін ұрлаудың да қажеті жоқ. Бағдат Мусин не істеп кетті?! Kaspi банкті тікелей электронды үкіметке кіргізіп кетті. Ашықтан ашық күнде кіреді де, біздің деректерді пайдаланып отыр (банктер, ред). Мысалы Kaspi bank-тің қосымшасын ашып көріңіз, өзіңіздің жеке құжатыңызды аласыз. Бірақ жеке құжатыңызды алған кезде сізге «сіздің жеке деректеріңізді біреу алып жатыр» деген хабарлама келе ме? Келмейді. Сонда неге олай жасап қойған? Осылай көп банктерге жеке деректерге кіруге рұқсат беріп қойған. Мен бір өзгеріс жасатқыздым қазір. Кез келген несие алуды Ұлттық банк арқылы жасаймыз, себебі электронды үкіметке сенбеймін. 
Жақында бір азаматтан арыз-шағым келді. «Маған Kaspi ban несие тіркеген, бірақ мен оған мәміле берген жоқпын, Ұлттық банкке барсам несие мақұлдаудан өтпеген» дейді. Яғни электронды үкіметке тікелей кіріп несие рәсімдеп алып отыр. Оған кім рұқсат берді?
Сондықтан 90 пайыз банк алаяқтығы банктің өз ішінде. Себебі қалай банк менің рұқсатымсыз электронды қол қояды? Менің орныма келісімшарт жасайды, бірақ мен өзім ол келісімшартты көрген жоқпын. Менің айлығым жетпесе де 800 мың айлығы бар деп жазып қояды. Оны кім жасайды? Сосын несие түскен сәтте 15 минуттың ішінде басқа шотқа жібереді. Банк жасамай кім жасайды оны? Украина мен Ресейде отырған алаяқтар жасай алмайды оны. Банктің ішінде сатқындар отыр. Қылмыскерлер соның ішінде отыр. Шет мемлекеттерде ақша ұрланса несие рәсімделген адам емес, банк өзі соттасып, алаяқты өзі іздейді екен. Бізге де солай жасауымыз керек. Ұрланған ақша ‒ банктің айыбы. Банк өзі іздесін, өзі соттассын. Келесізе осы өзгерістерге біз жеткіземіз», ‒ деді Мұрат Әбенов журналистерге берген сұхбатында.

Айта кетейік, Қазақстанның Бас прокуратурасының мәліметі бойынша биыл алаяқтар 6,1 мыңнан астам азаматты алдаған.