Жолдасқали Досмұхамбетовтің туғанына 100 жыл
Ең алғаш 1899 жылы Атырау (Гурьев) облысы Қарашүңгілде мұнай алынғаннан бастап қазіргі күнге дейін мұнайшылардың бірнеше ұрпағының жанкешті еңбегінің арқасында мұнай-газ өндірісі еліміздегі жетекші салаға айналды.
Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағы бұл саланы қалыптастырудың бастауында тұрғандардың еңбегін білуі тиіс.
Қыркүйек айында алғашқы қазақ инженер-мұнайшылардың бірі, талантты геолог, ірі ұйымдастырушы және мұнай-газ саласының негізін қалаушы Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетовтің дүниеге келгеніне 100 жыл толады.
1956 жылдың жазында мен 16 жасқа толып, Атырау (Гурьев) облысы Мақат ауданының орталығы Доссорда орналасқан автомобиль, трактор, мұнай құрал-жабдығын жөндеу және шығару зауытына ұстаның көмекшісі болып орналастым. Зауыт «Ембімұнай» комбинатының құрамына кіретін.
1957 жылы көктемде біздің зауытқа жақында ғана «Ембімұнай» комбинатының бастығы болып тағайындалған Ж.Досмұхамбетов келді. Жолдасқали Ахметұлы цехтармен таныса келіп, мен жұмыс жасайтын механикалық цехты да қарап өтті. Өндіріспен жан-жақты танысу, нақты сұрақтар мен тұжырымды жауаптар цех еңбеккерлеріне жылы әсер қалдырды. Кейінірек оның берген уәделерінің бәрі айтылған мерзімінде орындалып жатты. Бұл менің атақты тұлғамен бірінші рет танысуым еді.
Мен зауытта жұмысты кешкі жұмысшы жастар мектебі және мұнай техникумында оқуыммен ұштастыра отырып, 5 жыл ұста болып жасадым. Содан соң Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай-химия және газ өндірісі институтына түсіп, 1966 жылдың жазында тәмамдадым. Одан инженер-механик дипломын алып, өз зауытыма қайтып оралдым. Мені инженер-конструктор және бас механиктің міндетін уақытша атқарушы етіп тағайындады, ал бір айдан кейін басқа жұмысқа жіберілген зауыттың бас инженерінің міндетін атқаруды жүктеді. Үш айдан кейін мені «Ембімұнай» комбинатының бас инженері И.Диментманмен сөйлесуге шақырды. Жан-жақты сөйлескеннен кейін ол мені Ж.Досмұхамбетовке апарды.
Жолдасқали Ахметұлы мені жылы қабылдап, жұмыс жайын сұрастырды, Исаак Наумовичке қарап, «ол мұнайшылар әулетінің өкілі, оның әкесі – 1911 жылы Қазақстанда Доссор кен орнында алғаш мұнай өнеркәсібі басталғанда «Ағайынды Нобельдер серіктестігі» мұнай компаниясында бесеуі еңбек жолын бастаған жеті ағайындының ең кішісі. Олардың барлығы белгілі мұнайшы болды», деп жатты. Әңгіме соңында Жолдасқали Ахметұлы «Сені зауыттың бас инженері етіп тағайындаймын» деп, бұл қызметтің автомобиль, трактор және мұнай құрал-жабдықтарын уақтылы және сапалы шығарудағы жоғары жауапкершілігіне тоқтала кетті. Соңында менің артылған сенімді ақтап, ата-бабаларыңыздың кіршіксіз абыройын арттыра түсетініме үміт артатынын жеткізді.
1968 жылдың қараша айында мені обком партияның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі М.Тәжин шақырды. Белгіленген уақытта Мұхамбетқазы Қауысұлының кабинетіне кірдім, мен оны баспасөз арқылы жақсы танитынмын, бірақ, бірінші рет кездесуіміз. Ол да жылы амандасып, жұмысым, ата-анам, отбасы жөнінде сұрап жатты.
Шақыру себебін айта отырып, Маңғыстау өңірінің даму қарқыны, онда ірі жылу-энергетикалық кешенін құру жоспары және соған байланысты Жаңаөзен ауданын құру жөнінде қысқаша тоқталды. Маңғыстау түбегі Бүкілодақтық комсомол құрылысы деп жарияланған еді, оған КСРО-ның түкпір-түкпірінен түрлі ұлттың жастары ағылатын болады, сол себепті, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығы қызметіне мұнайшы және комсомолдық жұмыс тәжірибесі бар маман ретінде сені жіберу жөнінде шешім қабылдап отырмыз. Менің келісімімді алғаннан кейін ол кісі мені облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Исеновке алып барды.
Қысқаша сөйлескеннен кейін, Мұхамбет Айтуұлы «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бастығы Ж.Досмұхамбетовке қоңырау шалып, мені жуырда құрылған Жаңаөзен ауданына комсомол жұмысына жұмсау жөнінде шешім қабылданғанын жеткізді.
Осылайша Маңғыстаудағы комсомолдық жұмысым басталды. Бұдан кейінгі комсомол және партия органдарындағы жұмыстарымда Жолдасқали Ахметұлының табысты істеріне көз жеткізіп, ол жайында көптеген мақтаулар естідім.
Бұл таңғажайып уақыт болатын, Каспий маңының сусыз шөлейт даласы көз алдымызда өзгеріп жатты. Ембі, әсіресе, Маңғыстау мұнай кеніштері жылдам қарқынмен игерілді. Жолдар, мұнай және газ кен орындарына баратын кіру жолдары, жоғары вольтты ток желілері, су және мұнай құбырлары салынып, далалықта бұрғылау қондырғылары пайда болып, мұнай ұңғымалары бой түзей бастады. Тез арада жаңадан құрылған аудан орталығы Жаңаөзен, Жетібай, Ералиев елді мекендері, тағы басқалар бой көтерді. Олардың барлығы, негізінен мұнай-газ саласы мекемелерінің балансында болды. КСРО-ның түкпір-түкпірінен маман мұнайшылар ағыла бастады, олардың басым бөлігі комсомол жастар болатын. Жұмысқа орналастыру, кәсіби даярлық, сондай-ақ, баспана жағдайын шешу мұнай кәсіпшілігі басшылығының құзырында еді.
Осындай ұлы істердің басы-қасында алғашқылардың бірі болып Ж.Досмұхамбетовтің жүретіндігі аңғарылып тұратын.
Біздің аймаққа Жолдасқали Ахметұлының шақыруымен КСРО мұнай-газ саласының жетекшілері, мердігер және субмердігер ұйымдар, сондай-ақ, ғылыми-зерттеу институттар басшылары жиі келіп тұратын, соның арқасында мәселелердің көпшілігі сол жерде жылдам шешіліп жатты. Тікелей нысандарда түрлі жиналыстар, облыстың партия-шаруашылық активтерінің жиындары өтіп, маңызды өндірістік және әлеуметтік мәселелер талқыланып тұрды.
Ж.Досмұхамбетов Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің және облыстық партия комитетінің мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және халық депутаттары облыстық кеңесінің депутаты ретінде пленум, актив, сессияларда мұнай-газ саласы дамуының шешімін күткен аспектілерін, сондай-ақ, мұнайшылардың әлеуметтік мәселелерін қозғады. Оның сөздері үнемі қысқалығымен, мазмұнымен және қандай сынға да төтеп беретін жан-жақтылығымен ерекшеленетін. Жолдасқали Ахметұлының есте сақтау қабілеті керемет еді, геология мен мұнай өндіру үдерісін бүге-шігесіне дейін білетін.
1975 жылдың көктемінде, мен ол кезде Махамбет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарамын, комитеттің кезекті бюросының отырысында «Жайықмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы басшылығының Мартыши кен орнындағы мұнай өндіруді ұлғайту бойынша жұмысы» жөніндегі мәселе қаралатын болды. Ол кезде аталған кеніште облысқа тиесілі мұнайдың 60 пайызы өндірілетін және оның көлемін ұлғайту ауданның ғана емес, облыстың да экономикасына елеулі ықпалын тигізетін. Құрамына Исатай ауданы да кіретін Махамбет ауданының аумағы облыстағы ең үлкені болатын. Мұндағы Бегайдар, Дараймола, басқа да учаскелерде іздеу-барлау бұрғылау жұмыстары жүргізілетін. Бюроға дайындық жұмыстарын жүргізе отырып, мен ол кезде «Ембімұнай» бірлестігінің бас геологы болып жасайтын Жолдасқали Ахметұлына ақыл-кеңес алу үшін арнайы бардым. Мені сонда оның облыстың негізгі мұнай-газ кен орындарының сипаттамасын бүге-шігесіне дейін білетіні таңғалдырған.
Ж.Досмұхамбетовпен соңғы және жүрекжарды әңгімелесуім 1977 жылдың наурызында мені Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлағаннан кейін болды. Бір аптадан кейін «Ембімұнай» бірлестігінің партия жиналысына қатысуы керек еді. Жиналыс басталғанға дейін ізет сақтап, Жолдасқали Ахметұлына кіріп шықтым. Ол мені өз кабинетінде қабылдап, жаңа жұмысыммен құттықтап, тоғыз жыл бұрынғы мені комсомол жұмысына жіберер кездегі обкомның бірінші хатшысы М.Исеновпен әңгімені есіме түсірді. Ж.Досмұхамбетов өзінің туып-өскен Ракуша поселкесі, мектебі, менің әкеммен және оның ағаларымен жақсы таныс әкесі Ахмет пен анасы Балжан жайлы ерекше жылылықпен еске алып отырды. Оның ата-анасы Ракушадағы өздерінің шаруа қожалықтарымен 1917 жылға дейін айналысқан, одан кейін әкесі Ахмет қызметкер болып ауысады, оның атқарған соңғы қызметі – Гурьев округтік атқару комитетінің іс меңгерушілігі. Ол 1935 жылы қайтыс болған.
Жолдасқали Ахметұлы балалық шағында алған әсерімен бөлісіп, Ракушада 1913 жылдан бері жұмыс істейтін Доссор мен Мақат кеніштерінен өндірілген мұнайды түйемен тасымалдап мұнай өңдеу зауытына жеткізетін, ал Доссор кен орнынан зауытқа дейін 60 шақырым, одан әрі теңіз қайраңымен мұнай өнімдерін кемеге тиеп, Астраханьға жіберу үшін тағы да 15 шақырым мұнай құбырының құрылысы жөнінде әңгімелеген. Сол жерде, мұнай тасымалдауда осы өңірде туып-өскен менің әкелерім де еңбек жолдарын бастаған еді.
1977 жылдың желтоқсан айында осы бір ғажап жан өмірден өтті.
Ж.Досмұхамбетовтің өмір жолы келесі ұрпаққа үлгі болуға лайық. Ол 1916 жылы Каспий теңізінің жағалауында, Гурьев облысы Мақат ауданының шағын Ракуша елді мекенінде дүниеге келді. Оның балалық және жастық шағы, басқа да қатарластары сияқты, ХХ ғасырдың басындағы ауыр жылдарда өтті. Оның білімге деген құштарлығы зор болды. Мұнай өндірісінің кіріспесін үйреткен Доссор фабрика-зауыт училищесінен кейін мұнай техникумында оқуын жалғастырып, 3-курсты аяқтаған соң «Ембімұнай» тресі оны Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай институтына жіберді. 1940 жылы аталған институтты үздік бітіріп, инженер-геолог мамандығын алған соң туған өлкесіне оралды.
Бар-жоғы 24 жасында Жолдасқали Ахметұлы Байшонас мұнай өндірісінің бас геологы болып тағайындалып, 1954 жылға дейін жауапты қызметтерді, атап айтқанда, «Ембімұнай» комбинаты бас геологының орынбасары, Байшонас өндірісі директоры, «Қазмұнайбарлау» тресі басшысы, Мақат өндірісінің бас геологы, Құлсары өндірісінің директоры қызметтерін атқарды. 1951-1953 жылдары КСРО Мәскеу мұнай өнеркәсібі академиясында оқыды. 1957 жылдан 1971 жылға дейін 14 жыл бойына «Қазақстанмұнай» бірлестігін басқарды, ал 1971 жылдан бастап денсаулық жағдайына байланысты бас геолог қызметіне ауыстырылып, онда өмірінің соңына дейін еңбек етті.
Ж.Досмұхамбетов 35 жыл бойына көптің игілігі үшін адал да өнімді еңбек етті, Қазақстан мұнай-газ саласының негізін қалаушылардың бірі болды. Жоғары деңгейлі кәсіпқой геолог және іскер басшы ретінде ол еліміздің батыс аймақтарындағы ондаған мұнай-газ кен орындарының ашылуы мен игерілуінің бастауында тұрды. Ол ХХ ғасырдың алып кен орны – Теңізді тұңғыш ашушы және оның атын қоюшы.
Ж.Досмұхамбетовтің тұсында оның бастамасымен мұнай-газ саласына көптеген жаңалықтар енгізілді. Алғаш рет КСРО-да 1941 жылы Байшонас кенішінде екі және одан да артық қабаттарды ортақ өңдеу, сұйықты жылдамдата іріктеу және қосымша атқылату әдістері басталды, ал 1943 жылы Доссор кенішінде қабаттарға көлдете су айдау арқылы мұнай алудың екінші әдісі енгізіліп, 1947 жылы ұңғымаларды бұрғылаудың турбиналық әдісі игерілді.
1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басында іздестіру жұмыстарының аясына бұрын зерттелмеген аймақтар, атап айтқанда, оңтүстік Маңғыстау енді. Оған Ембіде жұмыс жасап жатқан мамандар шақырылды. Ірі қалалардан, теміржол және су жолдарынан шалғай, елсіз-сусыз дала жағдайында қысқа мерзім ішінде жаңа ірі оңтүстік Маңғыстау мұнай-газ бассейні ашылды.
1956 жылдың 25 желтоқсанында КСРО Министрлер кеңесінің қаулысымен «Қазақстанмұнай» бірлестігінің құрамында Форт-Шевченко қаласында орналасқан «Маңғышлақмұнайбарлау» тресі құрылды. Трест оңтүстік Маңғыстау аумағында мұнай мен газды іздеуге және барлауға арналған жұмыстарын 1957 жылдың сәуір айында бастады.
Маңғыстаудағы алғашқы бұрғылау агрегаты 1958 жылдың наурыз айында Тюбеджик қабатында пайдалануға берілді. Сол жылдың жазында Қызан және Кусайник алаңдарында терең бұрғылау басталды. 1959 жылдың қаңтарында Жетібайда, 1961 жылдың сәуірінде Өзенде терең бұрғылау басталды. 1961 жылдың мамырында жартыаралдың түрлі алаңдарында орналасқан бес жүйе терең барлау-бұрғылаумен қамтылды.
1961 жылы Өзен қабатында мұнай мен газдың алғашқы фонтаны атқылады, бұл мұнайлы Маңғыстауды игеру тарихындағы үлкен мұнайдың барын дәлелдеген алғашқы оқиға еді. Осы жылы Жетібай жүйесіндегі №6 барлау ұңғымасынан да мұнай фонтаны алынды. Осылайша, бір мезгілде екі ірі кен орны Өзен мен Жетібай ашылды. Маңғыстау мұнайы жайлы хабар Мәскеуге ғана емес, КСРО-дан да асып, Одақта жаңа ірі мұнай аймағының пайда болғаны жайында айтылып жатты.
Ж.Досмұхамбетовке тән қасиеттердің бірі, меніңше, ол кісінің бастаған ісін соңына дейін жеткізетіні болса керек. Ол жоғары тұрған шаруашылық, партия-кеңес органдарына тиісті қаулы шығару қажеттігін дәлелдей білетін.
Сірә, Жолдасқали Ахметұлының жеке басының қасиеттері, мызғымас беделі өз еңбегінің ақырғы нәтижесін көруге, оған сенім білдіріліп, ол көтерген мәселелердің қолдауға ие болуына септігін тигізген де болар.
Еліміздің мұнай-газ саласын дамытуға сіңірген ерекше еңбегі мен қосқан үлесі үшін ол Ленин, Октябрь Революциясы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен және басқа да төсбелгілермен марапатталды.
Ж.Досмұхамбетов оңтүстік Маңғыстаудағы мұнай-газ провинциясын ашып, Жетібай және Өзен кен орындарын барлағаны үшін Лениндік сыйлықтың (1966) лауреаты болды. Атырау (Гурьев) облысында Теңіз айрықша кен орнын ашқаны үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1994 жылы қайтқаннан кейін) атағы берілді. Мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Жолдасқали Ахметұлына «КСРО құрметті мұнайшысы» (1971) және «ҚазКСР еңбек сіңірген мұнайшысы» (1966) атағы берілді.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде Президент Н.Ә.Назарбаевтың дана және көреген саясатының арқасында мұнай-газ саласы ел экономикасындағы жетекші салалардың біріне айналды. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жылдарында алғашқы инвесторлардың бірі, танымал мұнай компаниясы «Шевронның» (АҚШ) қатысуымен 1993 жылдың сәуір айында бірлескен Қазақстан-Америка кәсіпорны – «Теңізшевройл» құрылды. Ж.Досмұхамбетовтің тікелей қатысуымен ашылған «Теңіз» ірі кен орны «Теңізшевройл» ЖШС ұжымы алға қойылған міндеттерді табысты орындап, еліміздегі алдыңғы қатарлы компаниялардың біріне айналып отыр. 2015 жылы тек қана осы кен орнында өндірілген қара алтын көлемі 27 млн тоннадан асты.
Республикадағы мұнай өндіру көлемі кеңестік кезеңмен салыстырғанда үш есеге артты. Осы жылдар ішінде елімізде шет тілін меңгеріп, қазіргі заманғы технология мен алдыңғы қатарлы басқару әдістерін игерген көптеген мұнайшы-мамандар даярланды. Олардың арасында Жолдасқали Ахметұлы мен оның жұбайы Нұрзиланың жеті ұл-қызы да бар, олардың үш бірдей ұлы: Қобылан, Исатай мен Махамбет И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтын бітірген мұнайшылар, әкелерінің ізін абыроймен жалғастырып келеді.
Ежелгі Рим саяси қайраткері, жазушы және шешен Марк Туллий Цицерон жазғандай, «қайтыс болған кісілердің өмірі тірілердің жадында жалғасады». Ж.Досмұхамбетовтің есімі мен атқарған еңбегінің нәтижелері ел жадында сақталарына күмән жоқ.
Равил ШЫРДАБАЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері
"Егемен Қазақстан"