«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай бағасының көтерілуіне байланысты бюджетін қайта қарастыра ма? Бұл сауалға бүгін ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2021 жылға арналған қазіргі бюджет мұнай бағасының барреліне 40 доллар мөлшерінде қалыпастырылған. Дегенмен осы сәтте бюджетті қайта қарастыруды жоспарлап отырғанымыз жоқ. Бұл жыл ішінде орташа бағаның қандай деңгейде болатындығына қатысты жайттың айқын болмауына байланысты. Мұнай бағасының төмендеу ықтималдығын да жоққа шығармаймыз», - деді ол онлайн брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, 2021 жылдың бюджеті қалыптастырылған сәтте ОПЕК+ келісімі аясыда мұндай өндіруге шектеудің қандай болатындығы да белгісіз еді.
«Сондықтан 2020 жылы қол жеткізген көрсеткіш деңгейінен мұнайды көбірек өндіреміз деп белгіледік. Соған орай мұнай өндіру жоспары да төмен болды. Бірақ жекелеген еншілес ұйымдарымыз мұнай өндірудегі өзгерістерге байланысты өздерінің өндірістік бағдарламаларына түзетулер енігізуі мүмкін», - деді Дәурен Қарабаев.
Сондай-ақ, ол «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ 2021 жылы өндіруді жоспарлап отырған мұнайдың болжамды көлемін жария етті.
«ОПЕК+ аясындағы шектеулердің «ҚазМұнайГаз» компаниясына да қатысы бар. Біз ай сайын қанша мұнай көлемін өндіретінімізді саланың реттеушісі – Энергетика министрлігімен келісіп отырамыз. Қазіргі уақытта жағдай жылдам өзгеріп тұрады. Соған орай жалпы өндіру көлемі қанша болатындығын айту өте қиын. Дегенмен, оның 2020 жылғы деңгейге таяу болатындығын күтеміз. Яғни, ҚазМұнайГаздың ірі жобалардағы үлесін есепке алғанда шамамен 21-22 млн тонна болмақ», - деді ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев онлайн брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, компанияның түсімі 2019 жылғы 6 859 млрд теңгемен салыстырғанда, 2020 жылы 4 556 млрд теңгені құрады. EBITDA көрсеткіші 1 151 млрд теңге болды. Компанияның таза пайдасы 172 млрд теңгеге жетті. Бос ақша ағыны 88 млрд теңгені құрады. 2020 жылғы 31 желтоқсанда компанияның таза қарызы 6 162 млн АҚШ долларға жетіп, 2019 жылдың соңындағы көрсеткішпен салыстырғанда 0,2 пайызға төмендеді. Таза қарыз 2019 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 2020 жылғы 31 желтоқсанда 3,4 пайызға төмендеп, 9 690 млн АҚШ долларын құрады.