Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамдағы айтарлықтай ауқымды ресурс болып отыр. Бұл туралы елордадағы ЕҚЫҰ бағдарламалары кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мүгедектігі бар адамдардың сайлауға белсенді қатысуы өте маңызды деп білемін. Осы бағытта Қазақстан қоғамында атқарылып жатқан шаралар қуантып отыр. Бұл өз кезегінде жалпы қоғамдағы айтарлықтай ауқымды ресурс екенін ұмытпаған жөн. Осы орайда білікті маман баршылық және олар бізге көмектесіп келеді», - деді Дьердь Сабо «Мүгедектігі бар адамдардың саяси және қоғамдық өмірге қатысулары» атты дөңгелек үстел отырысында.
Сонымен қатар ол бұл мәселеде мемлекеттік органдардың белсенді қатысуына оң баға берді.
«Мемлекеттік органдар бұл адамдарды азаматтық қоғамға тартуға талпынуда. Біз азаматтық қоғаммен бірлесе жұмыс істеудеміз. Сәйкесінше, осы процеске қолдау жасауға тырысып келеміз», - деді Дьердь Сабо.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны қамтамасыз ету мақсатында аумақтық сайлау комиссиялары үшін бірқатар ұсыным әзірледі.
ҚР Еңбекмині Орталық сайлау комиссиясының нұсқаулығына сәйкес мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуді ұсынады. Атап айтқанда, пандустар, шақыру кнопкаларын, тактильді плиткалар, мониторы бар компьютерлер, қосымша жарықтандыру, трафареттер және т. б. орнатуды қамтамасыз ету қажет. Бұдан басқа, онлайн-сурдоаударма немесе ымдау тілі мамандарының кезекшілігі ұсынылады. Сонымен қатар, сайлау учаскелері ғимараттың бірінші қабатынан жоғары орналасқан жағдайда мүгедектігі бар адамның арбасына арналған арнайы лифт болуы керек.