07 жел, 2018 сағат 09:33

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жандарды оңалту жайы талқыланды


Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, көмек қолын созу, жұмыспен қамту, қоғамдағы рөлі мен құқығын қорғау  -  мемлекет алдындағы әлеуметтік маңызы жоғары дүниелердің бірі. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың: "Барлық мүмкіндігі шектеулі жан­дар­дың қоғам өміріне белсенді араласуы қажет" дегені қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көр­сетуге шақырған айқын үндеу.

Осы мақ­сатта, республика көле­мінде көптеген мерекелік шаралар, маңызды жоба­лар өз жалғасын тауып, көптеген жанға қуаныш сыйлап келеді. Жуырда Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін жаңарту және мүгедек жандарды оңалту" тақырыбында конференция ұйымдастырды.

Әлеуметтік маңызы жоғары конференцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам маман қатысты. Атап айтар болсақ, орталық мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту координация басқармаларының жетекшілері мен мамандары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың денсаулық сақтау басқармаларының, әлеуметтік қорғау және көші-қонды бақылау комитетінің аймақтық департаменттерінің өкілдері белсене қатысып, мүгедек жандарды оңалту мен өмір сапасын жақсарту жайын ортаға салды.

Конференцияға қатысушылар қатарында  Ресей Федерациясының  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Медициналық-әлеуметтік сараптамасы федералдық бюросы»  МӘСФБ ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі Людмила Науменко және Әзірбайжан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мүгедектерді әлеуметтік қорғау саясатының басшысы міндетін атқарушы Сабир Годжаев та болды.

Мемлекеттің әлеуметтік саласындағы маңызды бағыттарының бірі - осы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету. Конференцияда мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың және кәсіби қауымдастықтың медициналық-әлеуметтік сараптама және мүгедектерді оңалту  саласын реформалаудағы рөлін күшейту жайы басты мақсаттардың бірі болды. Сондай-ақ басты міндеттердің бірі  2023 жылға дейін денсаулық сақтау, медициналық-әлеуметтік сараптама және мүгедектерді оңалту саласында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартуды қамтамасыз ету бойынша Ұлттық жоспардың жобасына ұсыныс әзірлеу жайы қаралды.

Конференция  барысында  медициналық-әлеуметтік сараптама және мүгедектерді оңалту саласында мемлекеттік қызмет түрлерін дамыту, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру аясында «Әлеуметтік қызмет түрлері порталы» және «Әлеуметтік тіркеу» жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ электронды денсаулық жүйесін енгізу мәселелері талқыланды.

Айта кетейік, статистика бойынша қазіргі таңда елімізде 674,2 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар екен. Оның ішінде 62%-ы еңбекке қабілетті жаста болса, 25,4%-н зейнеткерлер құрайды. Ал 12,6%-ы 18 жасқа толмаған жеткіншектер.