01 ақп, 2021 сағат 11:20

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға қанша қаражат бөлінеді?

Әлеуметтік қорғау туралы заң жобасының нормалары мемлекет тарапынан базалық әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін көрсетеді. Бұл туралы бүгін Мәжілісте заң жобасын таныстыру барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасының тағы бір негізгі жаңалықтарының бірі - еңбек қызметін қайта бастаған жағдайда, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем сомасының кепілдік берілген деңгейін (республикалық бюджеттен бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша осыған ұқсас ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде) белгілеу болып отыр», - деді министр. 

Серік Шапкенов мүгедек баланы күтім жасау кезеңін 18 жасқа дейін ұзартуға тоқтала келе, бұрын мүгедек баланы күтім жасау кезеңі 16 жасқа дейін ескерілгенін жеткізді. 

«Бұл норма мүгедек балалардың жас топтарының өзгеруіне байланысты енгізіледі. Бұдан басқа, ол жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақы тағайындау кезінде оң әсерін тигізеді. Жалпы, Заң жобасында баяндалған нормалар мүгедектерді әлеуметтік қолдау, атаулы әлеуметтік көмек және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін қоса алғанда, мемлекет тарапынан базалық әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін көрсетеді», - деді ведомство басшысы. 

Министрдің айтуынша, заң жобасын қабылдау бюджет қаражатын қосымша бөлуді талап етпейді, шығын нормалары 2021 – 2023 жылдарға бөлінген қаражат – 55,4 млрд теңге аясында іске асырылатын болады.