Әдетте, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан сырт қалып жататынын жиі байқаймыз. Мұның бір себебі оларға қажетті орта құрып, қамқорлық-қолдау көрсетудегі кемшіліктерден болса керек. Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұл мәселені назардан тыс қалдырған жоқ. «Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс» деп айрықша атап өтті.
«Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау» қалай жүзеге асуы керек? Бұл сауал әрқашан күн тәртібінен түскен жоқ.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қамтамасыз ету және оларды қорғау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты саналады. Қолдауға мұқтаж топтардың мәселелерін шешу қай кезде де бірінші кезектегі өзекті проблемалардың қатарында.
Еліміз 2015 жылы Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықығы туралы конвенцияны ратификациялаған болатын. Дәл осылай мұндай топқа жататын адамдардың экономикалық, азаматтық, әлеуметтік және мәдени құқығын өзге жандармен бірге толық жүзеге асыру бойынша әлемдік стандартты іске асыру міндеттемелерін қабыл еттік.
Конвенцияның талаптары мен міндеттерін жүзеге асыру бойынша сол жылы үшінші желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мақұлданды. Аталған Заң бойынша жиырма төрт заңнамалық актіге, сондай-ақ үш Кодекске түзету енгізілді.
Ресми деректерге назар салсақ, бүгінде Қазақстанда 674,2 мың мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. Мұның төрт жүз он жеті мыңнан астамы яғни, 62%-ы еңбекке қабілетті жаста болса, жүз жетпіс бір мыңнан астамы (25,4%) зейнеткерлік жаста екен. Ал, он сегіз жасқа дейінгі балалар 12,6%-ды (85,1 сексен бес мыңнан астам) құрайды.
Оларды әлеуметтік қорғау, қамтамасыз ету жүйесіне не жатады? Атап айтсақ, базалық әлеуметтік жәрдемақылар, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету және оңалтудың техникалық құралдарын ұсыну негізге алынған.
Мәдина Ерасылқызы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған тұста, Елбасының тапсырмасы бойынша кәмелет жасқа толған, сәби шағынан 1 топтағы мүгедекті бағып, күтім көрсетіп отырған жандарға 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа жәрдемақы енгізіледі деді. Қазірге таңда жәрдемақы 10 мың отбасыға берілетін болып шешілген, оны ақшаға шақсақ 29 699 теңге болады екен. Бұл - министрдің өз сөзі.
Өзекті мәселенің ендігі жағдайы 21 мың теңгенің жырына іліккен Бердібек Сапарбаевтың мойынында. Тағайындалғанына көп уақыт өтпесе де, халықтың жаңа министрге артар сенімі мол.
Жалпы өткен жылы көмекке мұқтаж бұл топты әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз ету мақсатында 302,8 миллиард теңге бөлінген. Ал, соңғы жеті жылда мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды қамтамасыз етіп, өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде іс-шаралар жоспарылы түрде жүзеге асып келетінін айта кеткен жөн.
Министрлік тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қамтамасыз етуіп, өмір сапасын жақсарту мақсатында 2019-23 жылдарға арналған нақты ұлттық жоспар дайындау ұснылған болатын.
Мұның бәрі шешімін тапса, қордаланған мәселелердің түйіні тарқап, әлеуметтік көмекке зәру жандардың жағдайы түзеле бастары анық. Мемлекет басшысының жолдауында айтылғандай, «кедергісіз ортаның» толық қалыптасуына зор мән берілуі қажет.