Қазақстан Республикасының азаматтығын беру тәртібін қатаңдату керек. Бұл туралы Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2016 жылы халық көшеге шығып, жер шетелдіктерге жалға берілмесін, сатылмасын деп айтты. Құдайға шүкір, Президент өз шешімін қабылдады. Шетелдіктерге жер сатылмайды да, жалға да берілмейді. Арнайы заң жобасы Мәжілісте екені белгілі», - М. Тайжан.
Бұдан бөлек ол Қазақстан Республикасының азаматтығын беру тәртібін қатаңдату керектігін айтты. Өйткені, халықаралық тәжірибе бойынша азаматтық алу үшін кейбір елдерде мемлекеттік тілге, сол елдің тарихына қатысты емтихан тапсыруы керек. Ең кемінде бес жыл тұрып, сол елге деген адалдығын дәлелдеуі тиіс.
«2016 жылы халық жер ешкімге сатылмасын деп талап еткен еді. Сондықтан Қазақстан азаматтарына да жерді жекеменшікке бермеуіміз керек. Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айтып тұрмын», - деді Мұхтар Тайжан.