28 нау, 2019 сағат 08:51

Мұхтар Құл-Мұхаммед жаңа қызметке тағайындалды

Парламент Сенатының жалпы отырысында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің төрағасы сайланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бұл комитеттің төрағасы лауазымына Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің кандидатурасын ұсынамын. М. Абрарұлы белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, Мемлекеттік хатшы, министр, облыс әкімі болып аса жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. Білімді, білікті және тәжірибелі депутат», - деді Сенат спикері Дариға Назарбаева.

Сенаторлар Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің төрағасы қызметіне Мұхтар Құл-Мұхаммедті сайлау туралы шешімді бірауыздан қолдады.

«Бүгінгі көрсеткен қолдау мен сенім - бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Сондықтан барлық күш-жігерімді осы сенімді ақтауға жұмсайтын боламын. Баршаңызға рахмет!», - деді М. Құл-Мұхаммед.

М. Абрарұлы 1960 жылы 12 желтоқсанда туған, қазақ, білімі жоғары. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Журналист, заң ғылымдарының докторы, профессор. ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, ҚР Президентінің Кеңесшісі, баспасөз хатшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Қызылорда облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. «Құрмет», «Парасат», III дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.

Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің төрағасы қызметін Дариға Назарбаева атқарған еді. Биылғы 20 наурыз күні Дариға Назарбаева ҚР Парламенті Сенатының спикері болып сайланды.