Image: picture-alliance/dpa/imageBROKER
Алматы қаласының әуежайында Қазақстанға өз еркімен оралған Мұхтар Әблязовтың сыбайласы әрі ағасы Нұрғазин Қуаныш ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол - Әблязов басқаратын «BSC» ЖШС-ның номиналды директоры. Әблязов және оның сыбайластары осы компанияны заңсыз несиелендіру арқылы БТА Банктен аса ірі көлемде қаражат жымқырған.
Нұрғазин сотталушы бола тұра, ешқайда кетпеу туралы міндеттемесін бұза отырып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында соттан жасырынған.
12 жыл бойы Литва аумағында жасырынып, сол жерде босқын мәртебесін алған.
"Нұрғазин Қазақстанға өз еркімен оралуға ниет білдірді. Ол 2023 жылдың 24 шілдесінде паспорттық бақылаудан өткеннен кейін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сотталушының өтініші бойынша, оның жасы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, 25 шілдеде сот бұлтартпау шарасын үйқамаққа алу деп өзгертті.
Жақын арада негізгі сот талқылауы қайта басталады. Оның жауапкершілігінің көлемін сот айқындайды" - делінген ведомство хабарламасында.