21 жел, 2022 сағат 11:57

Қазақстан Әблязовты экстрадициялау бойынша жұмысты тоқтатпайды – бас прокуратура

© AFP 2022 / THOMAS COEX

Қазақстан Францияда жүрген экс-банкир Мұхтар Әблязовті елге экстрадициялау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жуырда Франция соты Мұхтар Аблязовқа саяси баспана беруден бас тартқан болатын. Мәжіліс кулуарында журналистер Өмірәлиевтен "осыған байланысты Қазақстан қашқын экс-банкирді елге экстрадициялай ма?" деп сұрады.

Бас прокурордың орынбасары Қазақстанның қудалау органдары Әблязовқа қатысты 2 қылмыстық іс қозғағанын еске салды. Біріншісі – БТА банктің қаражатын жымқыруға қатысты. Екіншісі – Татишевтің өліміне байланысты.

"Екі қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі күшіне енгеннен кейін, экстрадиция бойынша біз Францияның өкілетті органдарына сұраныс хаттар жолдадық. Әрине, олардың қаралу сатысы әртүрлі мерзімде. Қазіргі таңда Францияның өкілетті органдары Әблязовтің статусының күшін жойды. Осы және басқа да біз қолданып отырған шаралар септігін тигізеді (елге экстрадициялауға – Sputnik) деп ойлаймын. Сұраныс хаттар біздің бақылауымызда", - деді Өмірәлиев кулуарда.

"Яғни, Қазақстан Мұхтар Әблязовты экстрадициялау бойынша жұмысты жүргізіп жатыр ғой" деп нақтылады БАҚ өкілдері.

"Әрине, бұл жұмыс тоқтатылмайды. Осы жаңалықтың өзі де - тек Қазақстан емес, әлемдегі барлық құқық қорғау органдары жұмысының нәтижесі. Біз бар күшімізді саламыз", - деп сендірді Бас прокурордың орынбасары.

Айта кетері, Мұхтар Әблязов Парижде он жылдай тұрады.