21 қаз, 2019 сағат 13:22

Мұхамеджан Тазабек мектепте дәріс оқи алмайды – министр

Білім беру ұйымдарына кез келген адам келіп, діни көзқарасы жайлы дәріс оқи алмайды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Журналистер білім министрінен айтыскер ақын, "Асыл арна" телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек мектеп пен колледждерде дәріс оқи ала ма деп сұрады.

"Мектепте іс-шараны тек мұғалімдер ғана өткізе алады. Аталған жағдайда Мұхамеджан Тазабек дәріс оқыды деу дұрыс емес. Өйткені ешқандай іс-шара өткізілген жоқ. Қазір мен біреу бір нәрсе жоспарлады деп айта алмаймын. Егер мектепте сондай шара ұйымдастырылған болса, мен жауап берер едім. Бірақ, ештеңе өткізілген жоқ, талқылайтын да мәселе жоқ", - деді Аймағамбетов мәжіліс кулуарында.

Ведомство басшысы кез келген адам білім ошақтарына келіп, діни көзқарасы жайлы айта алмайтынын нақтылады.

"Егер діни немесе басқа да мәселелерді меңзеп тұрсаңыз, онда біздің айтарымыз, білім беру ұйымына кез келген адам келіп, діни көзқарасы туралы әңгіме айта алмайды. Қазір ондай жоқ", - деді ол.

Жуырда айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабектің полицейлермен кездесуінде сөйлеген сөзі желіде тарап, біраз адамның ашуын туғызған еді. Қазақстандықтардың пікірінше, ақын полиция мен армияны халыққа қарсы айдап салып отыр.

Осыдан кейін Тазабек желідегі парақшасында өзін сынап-мінегендерге жауап берді.

Ал Ішкі істер министрлігі Тазабектің құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне оқыған дәрісінен кейін тексеріс басталғанын мәлімдеді.