Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы "жыныстық бопсалады" деп айыптаған Еңлік Сыздықованы сотқа берді, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соттағылардың айтуынша, жоғары лауазымды шенеуніктің ісі өндірісте. Мұхамедиұлы қыз ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бабы бойынша жауап беруі тиіс деп есептейді. Нақтырақ айтсақ, бұл бап - Жала жабу, яғни Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату. Бұл баптың жазасы - екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру.
Ал әлеуметтік желілерде Сыдықованы қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша құжат таралып жатыр. Мұхамедиұлының бұл шағымы Астананың №2 Есіл аудандық сотында қаралып жатыр делінеді. 16 қарашада Мұхамедиұлы мен Сыдықова іс материалдарымен танысу үшін және шағымның көшірмесін алу үшін, құқықтарын түсіндіру үшін сотқа келеді.