13 ақп, 2019 сағат 12:55

Мұхамедиұлы: Археологтардың алдына тиісті талаптарды төтесінен қойып отырмыз

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі археологтарға қойылып отырған қатаң талаптар туралы айтып берді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

«Неге жаңа ғана оқу бітірген жас азамат бірден өзі жетекші болып, лицензия алуы керек? Әрине, біз оны тоқтатуымыз керек. Бұл салада жиі орын алатын қателіктер бар. Біздің археологтар ыдыс-аяқ немесе алтын бұйымдарды іздейді. Көбінесе, киімнің және адамның шашының құрамы назардан тыс қалады. Ал адам өмірін зерттегенде құнды мәліметтер осы шаштан алынады. Сол себептен археологтардың алдына тиісті талаптарды төтесінен қойып отырмыз», - деді министр жалпы отырыс кезінде қойылған сауалға жауап бере отырып.

Оның сөзіне қарағанда, археологиялық лицензияны алу үшін маманда міндетті түрде 5 жылдық тәжірибесі, ғылыми дәрежесі, еңбегі болуы керек. Бұл талап бүгінде өте қажет болып тұр.

Бұл мәселеде А. Мұхамедиұлы заң жобасында археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарын лицензияландыру мәселесіне бөлек назар аударылғанын атап өтті.

«Тәжірибе көрсеткендей, бір адамның әр өңірде бір мезетте әртүрлі объектілерге жетекшілік етуі тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйіне теріс ықпалын тигізеді. Бұдан өзге, сол адамды тарту арқылы археология, ғылыми-реставрациялау жұмыстарына лицензияға өтінім беруші ұйым бұл салада мүлдем тәжірибесі жоқ бола отырып, ғылыми жетекшілік жасайтын тұлғаның тәжірибесін өз тәжірибесі ретінде ұсынады. Осы орайда, көптеген жағдайларда археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарымен ешқандай тәжірибесі мен білімі жоқ, дилетант ұйымдар айналыса береді. Бұл тарих және мәдениет ескерткіштерінің тарихи келбетін бұзу, ерекшеленетін элементтерін жоюға әкеліп жатады», - деді министр.