Елімізде әйгілі брендке айналған "отандық" өнімдер жоқтың қасы. Оның әртүрлі себептері де бар, әрине. Біріншіден, кәсіпкелеріміз мемлекеттен көмек сұрап қана іске көшуге әдеттеніп алса, екіншіден, олар шаруаның тұралап қалуынан қорқып, алға жылжуына деген сенімсіздік үрейімен алысып жатады. Ал, нарық ұсынушыдан еш ұялмай, әлемдік әм жергілікті сауда орталықтарына шығаруға болатын сирек өнімдердің бірі және бірегейі - «Mukajan» кәсіпорнының тауарлары. Қазақша брендтің ерекше дүниелері көз сүйсінтіп, көңіл қуантады. Дегенмен аты енді таныла бастаған «Mukajan»-ның басшысы және идея авторы кім?! Бірі - таныс, екіншілеріне әзірге белгісіз боп жүрген азаматпен болған шағын сұхбатымызды ұсынбақпыз.
- Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз, Алмас мырза...
- Алматы облысы, Шебер ауылында дүниеге келдім. Бала күнімнен он саусағынан өнер тамған қолөнершілер мен шеберлерді көріп өстім. Атам – Мұқажан тері өндірумен айналысқан адам. Әкем – Аман Мұқажан зергерлік бұйымдардың шебері. Ісімізді ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өнер деп қабылдаған жөн шығар. Әке жолын қуып, болашақ мамандығымды «графикалық дизайн» деп таңдап, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын түстім. Бүгінде оқу орнын тәмамдап, өз саламда еңбек етіп жүрген жайым бар.
- «Mukajan» атауын өзіңіз қойдыңыз ба, әлде белгілі бір себептері бар ма?
- Жоғарыда атап өткенімдей, Мұқажан - менің атамның есімі. Сондықтан келешегі бұлыңғыр болса да, атадан келе жатқан өнер деп, кәсіпорынның атын ақсақалдың құрметіне қойдым. Атауын алты қырдан іздеп сабылған жоқпын.
- Отандық өнімді әлемдік деңгейде көтеру - Елбасының бір тапсырмасы. Сіз өз өнімдеріңізді әлемдік бәсекеге қабілетті өнімдермен салыстыруға болады деп ойлайсыз ба және ұтарымыз не?
- Әлемдік брендтке сай болу үшін сапа мен сұраныс өте жоғары деңгейде болуы қажет. Осы қажеттіліктерді толықтырып, сапа мен сұранысты арттырып келе жатқан компанияның жұмыс жасап тұрғанына биыл бес жылдың жүзі болды. Алғашқы өнімдеріміз бен қазіргі кездегі өнімдерімізді мүлде салыстыруға келмейді. Біз - бір орында тоқтап қалмаймыз. Өндіреміз және өсеміз. Әлемдік стандартқа сай дүниелер жасауға тырысамыз.
Айта кетейін, өнімдеріміз тек өзіміздің Қазақстанда ғана сұранысқа ие емес, шет ел асып жатыр. Тіпті, қазіргі таңда ұлттық оюмен көмкеріліген өнімге деген сұраныс шет елдік саяхатшылар мен кәсіпкерлер арасында артып келеді.
- Оюмен көмкерілген сөмкелер, қолға ұстайтын қапшықтар мен түрлі бұйымдардың сапасын арттырып тұрған тек тері ме, әлде бұл саланың өндірісінде өзіне тән ерекшеліктері бар ма?
- Бүгінде елімізде тері мен былғары өнімдерін өндіру өркендеп келеді. Бұл - қуантарлық жағдай. Елім деп елжіреген әрбір азамат мемлекеттің әр салада өскенін қалайды. Біздің компания осы бағытта жұмыс жасап келе жатыр. Тері және былғары өнімдерін өндіруші кәсіпорындар көп. Ал біздің өнімнің ерекшелігі, жоғарыда айтып өткенімдей - дизайнер ретінде барлық шыққан өнімдердің үлгісін өзім сызамын, өзім жасаймын. Себебі қазақтың даласында өскен ұл болғаннан кейін, әрбір оюдың орны мен үшін ерек. Оны сезіну, сезінген дүниеңді өнімге айналдыру - нағыз ләззат аларлық жұмыс. Тұтынушыларымыздан: «сіздердің өнімнен қазақтың иісі аңқып тұрады» дейтін сөзді есту - біз үшін үлкен мәртебе.
- Бала күніңізде кәсіпкер боламын деп армандадыңыз ба, әлде жалпы жұрттай «ұшқыш» болғыңыз келді ме?
- Кәсіпкерлікпен айналысу - оңай дүние емес. Оның болашағы бар ма, жоқ па - оны сіз болжай алмайсыз. Дегенмен кәсіпкерлікті бастап кету қиындық тудырған жоқ. Себебі отбасым осы саланың айналасында жүрген жандар болғаннан кейін, «ұшқыш» болудан гөрі сауданың тілін табу мен үшін әлдеқайда қызықты еді. Отағасы ғана емес, отанасы да бір терінің пұшпағын илеп жүргеннен кейін, бала күнімнен саудаға жақын болдым. Оның қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинақтадым да.
- «Mukajan» өнімдерінің жалпы отандық өнімдердің көз тартар сұлулығы тек ұлттық бедері ғана ма, яғни оюлы-өрнектердің рөлі басым ба дегенім?
- Осы кәсіпке келместен бұрын менің көкейімде: «неге ұлттық өнімнің брендтік нұсқасын ою-өрнекпен қалыптастырмасқа, ұлттың өзіне ғана тән бояуын айқындайтын дүниені неге әлемге паш етпеске» деген сынды ойлар болды. Ойдың жетегімен жүріп, кәсіпте жеңіске жетуді ғана емес, ұлттық құндылықты насихаттауды да алға тарттым. Біздің өнімдердің ерекшелігі де сол оюлардың негізінде және сапалығында.
- Қазір көптеген кәсіптік мектептер мен кәсіпкерлерді дайындайтын орталықтар бар. Өзіңіз бұл бағытта жұмыс жасап, тренинг ұйымдастырасыз ба?
- Бұл өте орынды сұрақ деп түсінемін. Себебі адам жеткен жетістігімен мақтанып қана қоймауы керек, оны өзгеге үйретуі тиіс. Әрбір кәсіпкердің шәкірт тәрбиелеуі де - заңдылық. Бірақ мен бұл бағытта әлі жұмыс жасаған жоқпын. Ойымда бар. Мен үшін өзімнің басымнан өткен қиындықтарды бөлісе отырып, өзгелерге ұлттық өнімдерді өндірудің, олардың қасиеті жайлы сөз қозғау – мақтаныш. Ал, әзірге бұл - уақыттың еншісінде. Ұсыныс болса, бас тартпаймын.
- Ендігі мақсатыңыз қандай? Үмітіңіз бар ма?
- Кез келген кәсіпті бастаған кезде күдік пен үміт қатар жүреді. Бес жыл бұрын осы кәсіпке келмес бұрын, қазақтың ұлттық өнімдерін қолдаушыларға сенім артып, олардың мұрындық болуымен бастаған едік. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, бүгін, міне, үмітіміз ақталып отыр. Алға қойған арманымыз көп. Соның бірі - әлемдік деңгейде атағы шыққан үлкен кәсіпорындардың брендтік өнімдерінің қасында «Mukajan» есімінің қатар аталуы. Бұл біз үшін мақсаттың үлкені болмақ.
- Қазақ үшін үлкен іс тындырдым деп ойлайсыз ба?
- Бір нәрсе айта кетейін, кәсіпкерліктің түрі көп. Соның бірі - сатып алып, қайта сату. Бұл - нағыз кәсіпкерлік емес. Ал, біз - дайындаушы және өндіруші топпыз. Оның ішінде - ұлттық нақыштағы өнімдерді өндіру, оны сұранысқа ие болатындай деңгейге жеткізу қазақ үшін жасалған үлкен сый деп білемін, мақтан тұтамын. Жоғарыда айтып өткенімдей, алыс-жақын шет елдерден де сұраныс түсіп жатқандығы, өнімнің сапалы әрі оюмен көмкерілуі, қазақтың салты мен дәстүрін таныту, біздің кәсіпорынның қазақ елі үшін жасаған үлкен ісі деп ойлаймын және бұған күмән келтірмеймін. Ұлт үшін қызмет етуден жалықпаймыз.
- Әңгімеңізге рақмет! Кәсібіңіз алға бассын!
Сұхбаттасқан: Марғұлан Ақан