02 қыр, 2021 сағат 23:52

Мүгедектік рәсімдеу әлеуметтік тұрғыда «тартымды» іске айналып барады – Абаев


ҚР Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог 2» сұхбатының кезекті санында Президент Жолдауында айтылған жаңа Әлеуметтік кодекстің маңызына тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президент әскерге бару мамандық алудың тағы бір мүмкіндігі болу керектігін айтты. Бұл да өте маңызды тезис деп ойлаймын. Өйткені шұғыл әскери қызметкерлерді даярлау ісіне тыңғылықты қарауға жол ашады. Негізінде бұл жерде азаматтық қызметтің кейбір элементтерін кіргізу туралы айтылып отыр. Әскер қатарынан босағаннан кейін азаматтар тек қана саптық, жауынгерлік қабілеттерді ғана емес, базалық, кәсіби қабылеттерді меңгеріп, азаматтық өмірде жұмысқа орналаса алуы керек. Бізде мектептен кейін мемлекеттің назарынан тыс қалатын адамдар бар. Бәлкім сабақ үлгерімінің нашарлығынан жоғары оқу орнына түсе алмайтын шығар. Оларды көп жағдайда жұмысқа да алмайды. Өйткені жоғары білімі мен жұмыс тәжірибесі жоқ деген сияқты. Ондай жандарға не істеу керек? Не қылмысқа араласады, не масылдыққа тап болады. Кездейсоқ табыстарға арқа сүйеп күнелтуі мүмкін. Осы тұста армия әлеуметтік тұрғыда өз мүмкіндігіңді іске асырудың жақсы баспалдағы бола алады. Әрине, бұл әлеуетті пайдалану керек», - деді Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары. 

Оның сөзіне қарағанда, Президент Жолдау арқылы жеткізгісі келген тағы бір маңызды месседж – жаңа Әлеуметтік кодекс әлеуметтік бағдарламаларды саналы түрде пайдалану керектігі туралы айтқаны. 

«Әңгіме не туралы болып отыр? Мысалы, өңірлердегі ахуалдың мониторингтері кейде мүгедек мүшесі бар отбасылар, өкінішке қарай, ол адамның сауығуына мүдделі емес екенін көрсеткен. Мұндай жайттар кездесіп жатыр. Неге? Өйткені ол әлеуметтік кіріс пен жеңілдіктің маңызды көзі. Мүгедектік рәсімдеу әлеуметтік тұрғыда «тартымды» іске айналып барады. Бұл мәселенің әдеп жағын қозғағым келіп отырған жоқ. Әрине, өмірде түрлі жағдай болады. Әлеуметтік қорғау жүйесі адамды жұмысқа орналасуға, оқуға, әлеуметтік өмірге белсенді кірісуге ынталандырмайтыны өз алдына бөлек мәселе», - деген спикер бұған дейін атамлыш мәселе ең оңай жолмен реттеліп келгенін еске алды. 

«Дөрекі естілетін шығар, бірақ біз ондай азаматтардың проблемасынан әлеуметтік көмек арқылы жалтарғымыз келеді. Ал басқа елдерде, Еуропа елдерінде әлеуметтік қолдаудың жұмысқа орналастыру, оқыту сияқты басқа формалары қолданылады. Яғни, Президент бұл жерде мемлекет әлеуметтік көмекті қайырымдылық принциптерінің негізінде емес, әлеуметтік әділдік прициптерінің негізінде құруды ұсынады. Менің ойымша, көптеген мүгедектер бұған да мұқтаж. Бұл да жоғары құзыреттілікті қажет ететін күрделі міндет. Бірақ проблема бар екен, оны шешу міндеті де туындайды. Президент Жолдауында осы мәселені қозғады», - деді Дәурен Абаев.