13 қар, 2020 сағат 11:45

Мүгедектігі бар адамдарды еліміздің саяси өміріне тарту қалай жүріп жатыр?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мүгедектігі бар адамдарды мемлекеттің саяси әрі қоғамдық өміріне тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білесіздер, өмір сүру сапасын жақсарту мен азаматтар құқықтарын жүзеге асырудың негізгі бағыттары 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспармен бекітілген. Онда ескерілген шаралар Қазақстандағы барша мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін қамтып отыр. Бұл тұрғыда 700 мыңнан астам ескерілген», - деді Е. Әукенов «Мүгедектігі бар адамдардың саяси және қоғамдық өмірге қатысулары» атты дөңгелек үстел отырысында. 

Оның айтуынша, жоспардың шараларын орындау мәселесі 17 қыркүйекте мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласын жақсарту мәселесі бойынша Үйлестіру кеңесінде қаралды. 

Осы орайда алғаш рет Үйлестіру кеңесінің мүшелері интернет-дауыс беру арқылы сайланды. Дауыс беруге 22 мыңнан астам адам қатысқан еді.

Е. Әукеновтың пайымынша, бұл өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі жандарды елдің саяси өміріне тартуда жақсы қадам болды. 

«Менің ойымша, бұл шаралар мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша саясатты айқындаудағы маңызды шешім жасайтын органдарда өз өкілдерін таңдау кезіндегі жақсы қадам болып отыр», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауында мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны қамтамасыз ету мақсатында аумақтық сайлау комиссиялары үшін бірқатар ұсынымдар әзірледі. 

ҚР Еңбекмині Орталық сайлау комиссиясының нұсқаулығына сәйкес мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуді ұсынады. Атап айтқанда, пандустар, шақыру кнопкаларын, тактильді плиткалар, мониторы бар компьютерлер, қосымша жарықтандыру, трафареттер және т. б. орнатуды қамтамасыз ету қажет. Бұдан басқа, онлайн-сурдоаударма немесе ымдау тілі мамандарының кезекшілігі ұсынылады. 

Сонымен қатар, сайлау учаскелері ғимараттың бірінші қабатынан жоғары орналасқан жағдайда мүгедектігі бар адамның арбасына арналған арнайы лифт болуы керек.