07 ақп, 2020 сағат 12:17

Мүгедек арбасы арманға жетуге кедергі бола алмайды - Ерлан Әділбеков

Өзіне ғана емес, өзгелерге де қол ұшын созу. І топ мүгедегі Ерлан Әділбеков осындай жолды таңдаған. Ол омыртқа зақымын, инсульт алған және сал ауруына шалдыққан адамдарды оңалту жұмыстарымен айналысады.

Ерлан Әділбеков 2019 жылы маусым айында «Start» спорттық-сауықтыру орталығын ашқан.

«2018 жылы бұл орталықты үш айға пилоттық режимде ашып, қалай жұмыс істеу керек екенін түсініп алдық. Өзім де осы жолдан өткендіктен, сауықтыру жұмыстарына қатысты үлкен тәжірибем бар. Жаңа жылға дейін 20-ға жуық адам орталықта ем алды. Ем алушылардың кейбірінің жанында күтушілері болды. Бұл орталықты толықтай өз қаражатыма ашып, төсек-орын, стол, орындық және спорт техникаларымен жабдықтадым. Елімізде 12 күн ғана оңалту жұмысын жүргізетін орталықтар көп, бірақ 12 күн ем алудың еш мәні жоқ. Толық емделу үшін тұрақты түрде емдік физикалық шынығумен айналысу керек», - дейді оңалту орталығының басшысы.

Ерлан Әділбеков Семей қаласында өмірге келіп, 2013 жылы елордаға көшіп келген.

2002 жылы ол өзенде жүзіп жүргенде мойын омыртқасын сындырып алған. Соның салдарынан екі аяғы мен екі қолы толық сал болып қалған. Қиын сәтте Ерлан ағаға отбасы тіреу болған. Оның бауыры сол оқиғадан бері ағасының қасынан табылып, қолдау білдіріп келеді.

«Қайғылы жағдайдан кейін алғашқы алты жыл бойы төсек тартып жаттым. Сол кезде мүгедектер арбасына отыруды армандап, елордаға кетуді мақсат еттім. Мақсатыма жету үшін «Программист-техник» мамандығы бойынша екі жарым жыл колледжде қашықтықтан оқып, диплом алдым. Одан кейін электронды үкіметте жұмыс істеп, жеке кәсіпкер болып, мемлекеттік сатып алу және тендермен айналыстым», - дейді ол.

Уақыт өте келе ол өз тәжірибесін бөлісу мақсатында оңалту орталығын ашу туралы шешім қабылдайды. Бұл орталықта оңалту жұмыстарымен айналысып қана қоймай, орта және жоғары оқу орнына түсуге көмеутесіп, тренингтер өткізіп, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып жұмысқа орналасуға көмектеседі.

Аталған орталықта жаттығу залы, массажға арналған бөлме, кір жуатын, тамақ істейтін және ұйықтайтын бөлме бар.

«Таңертең орталықта жатқан адамдар емдік дене шынықтырумен айналысады. Күніне екі рет нұсқаушымен бірге жекелей жұмыс жүргізіледі. Орталығымызға Павлодар, Екібастұз, Қызылорда, Ақтау, Атырау, Семей, Алматы, Балқаш, Көкшетау, Қарағандыдан келіп емделеді. Көбіне омыртқа зақымы, сал ауруы және инсульт диагнозы бойынша келеді. Мысалы, и нсульт алған адамды жаттығу залына алмайды. Олардың денесінің бір жақ бөлігі жансызданып қалатындықтан, әрқайсысымен ерекшеліктеріне қарай жекелей жұмыс істейміз. Бізге көбіне ауруханадан ем алып болған, ендігі емдік дене шынықтыруды қажет ететін адамдар келеді. Айына 120 мың теңге төлейді, оған орталықта тұру мен тамақтануы кіреді», - дейді Ержан Әділбеков.

Ол еткен еңбегі жемісін бере бастағанын айтты.

«Мысал ретінде айтар болсам, бізге Алматыдан бір әйел келді. Ол екі рет инсульт алған, мүгедектер арбасында отырды. Біз оны төрт ай ішінде аяққа тұрғыздық. Ол арнайы тірек арқылы өз бетімен қозғалып, жүре алады. Жақында ғана оны Алматыға шығарып салдық, енді бір айдан кейін толық емделу үшін қайта келеді. Тағы бір мысал, 21 жастағы бозбала қолы толық жансызданған күйде келді. Біздің орталықтағы нұсқаушылардың арқасында ол үш ай ішінде қолын қозғалта алатын дәрежеге жетті», - дейді ол.

Олар үшін басты нәрсе - нәтиже.

«Бізге техникалық жағынан көмектескендер, жиһаз сыйлағандар болды. Жұмыс істей бастаған 6 ай ішінде елімізде мұндай орталық қажет екені айқындалды. Ол денсаулық жағдайына байланысты көмекке мұқтаж адамдардың өмірге бейімделуіне көмектеседі», - дейді орталық басшысы.

Ол орталыққа келген әр адаммен жеке әңгімелесетінін айтты.

«Бізге әртүрлі жастағы адамдар келеді. Әр науқаспен жеке-жеке сөйлесемін. Оларға үйге қамалуға болмайтынын, әр сәтті бағалау керек екенін айтамын. Үйде тапжылмай жатып, сауығып кетуді армандайтындар бар. Оны армандаудың орнына, әрекет ету керек екенін айтамын. Бізде мүгедек арбасында отырып-ақ тұрмысқа шығып, бақытты ғұмыр кешіп жатқан қызымыз бар. Егер адамның ниеті мен талпынысы болса, мүгедек болғанына қарамастан талай биікті бағындырып, бизнеспен де айналысып, саяхаттай да алады. Мүгедектер арбасы арманға жетуге кедергі емес», - дейді ол.

Ерлан ағаның айтуынша, бұл жұмыс өзіне шабыт сыйлайды.

«Мен бір орында отыра алмаймын. Үнемі қозғалыста жүріп үйреніп қалғанмын. Қазіргі жұмысым көңілімнен шығады. Алдыңа келген адамның денсаулығы жақсарып, нәтиже көрсеткен кезде жаным тынышталып, адамдарға көмектесе алғаным үшін шүкір етем», - дейді ол.