05 нау, 2019 сағат 17:09

Мұғалімдерге ағылшын тілін үйрету курстары тоқтатылды - Күләш Шәмшидинова

Мектептерде физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерді курстар арқылы даярлау тоқтатылды. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде еліміздің мектептерінде физика, химия, биология және информатика пәндерін 11 мың мұғалім ағылшын тілінде беріп отыр. Олар алдымен 3 айлық, кейінен 8 айлық тіл курсында білім алған.

«Келесі жылдан бастап мұғалімдерді айлық курстан өткізетін қаржыны педагогикалық ұйымдарға жұмсайтын боламыз. Яғни, педагог мамандардың университет  қабырғасынан тіл меңгеріп шығуына бағыттаймыз. 2016 жылы алғаш рет ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерді дайындауға мемлекеттік тапсырыс берілді. Алғашқы 1200-ге жуық түлек 2020 жылы бітіреді. Сондықтан мұғалімдерді оқыту курстары тоқтатылды», - деді ол.

Оның айтуынша, балаларды үш тілде оқыту біртіндеп, мұғалімнің және мектептің дайындығына байланысты жүргізіледі.

«Бұл жерде "алдымызға жан салмай проблеманы шешеміз" деп жүгіріп бара жатқан ешім жоқ. Рет-ретімен жасаймыз», -  деді Күләш Шәмшидинова.