15 сәу, 2019 сағат 14:03

Мұғалімдер мен мемқызметшілер сайлауға келуге мəжбүрленбейді

Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Азамат Ахмеджанов 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президент сайлауында белгілі бір кандидатқа дауыс беруге қатысты мәжбүрлеу болмайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кезектен тыс Президент сайлауы туралы елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында тілшілер мұғалімдер мен мемлекеттік қызметшілерді сайлауға келуге мәжбүрлеу бола ма деген сұрақ қойған еді. Тілшілер сайлау учаскесінде тіпті селфи жасау міндеттелгені жайлы бұрын ақпарат тарағанын айтып сауал тастаған еді.

«Біз ешкімді мәжбүрлегелі отырған жоқпыз. Алайда дауыс беру үшін сайлау учаскесіне келуге шақырамыз. Әлбетте, «барыңыздар, дауыс беріңіздер» деп айтамыз, бірақ селфи жасату деген секілді, әрине, жағдайлар болмайды», - дейді Азамат Ахмеджанов.

Оның айтуынша, мәжбүрлеу жағдайлары кездесіп жататын болса, елордалықтар Ikomek қызметіне шағым түсіре алады.

«Ikomek-тен келген ақпарат әкімдік аппаратына түседі. Әлбетте, барлығын сайлауға шақырамыз, бірақ мәжбүрлемейміз», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда 9 маусым күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауында елордалықтар 304 сайлау учаскесінде дауыс бере алады.

«Елордада 304 сайлау учаскесі тіркелген. Оның 239-ы қала ішінде. 65-і шетелдердегі өкілдіктерде, елшіліктер мен консулдықтарда. Шетелдегі сайлау учаскелерімен Сыртқы істер министрі айналысады. Жалпы, біздің есебіміз бойынша Нұр-Сұлтанда 600 мыңға жуық дауыс беруші болады. Бірақ, бұл нақты сан емес. Сайлау күні қарсаңында нақты қанша елордалықтың дауыс бере алатыны жайлы қосымша ақпарат береміз», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары.

Баспасөз мәслихаты барысында Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Азамат Ахмеджанов сондай-ақ, елордада тіркелмей жұмыс істеп жүрген азаматтар қалай дауыс бере алатынын түсіндірген болатын.

«Сайлаушылар тізімін нақтылау және өзектендіру мақсатында 2019 жылдың 15 сәуірінен 29-на дейін елордадағы ЖОО мен колледж студенттері қатарынан тартылған еріктілер (400) мен полиция қызметкерлерінің (400 адам) күшімен аулалық және пәтерлік аралау бойынша науқан ұйымдастырылады. Олардың жұмыс тәртіптері - сағат 18.00-ден 23.00-ге дейін болады. Ал демалыс күндері сағат 11.00-ден 18.00 аралығында еріктілер полиция қызметкерлерімен бірге аралайтын болады. Тұрғындардың аталған жұмысқа түсіністікпен қарап, көмек көрсетуді сұраймыз», - деді Азамат Ахмеджанов қалалық әкімдіктегі брифингте.

Қала әкімдігінің өкілі еріктілерде арнайы бейдж-құжат (мөрі басылған) болатынын және олардың жанында міндетті түрде полиция қызметкері жүретінін ескертеді.

«Еріктілер азаматтардың тіркелу фактісі мен нақты тұратын жерін қарап, барлық тұрғындарды қайта жазып, мемлекеттік деректер базасымен салыстырады. Бұл деректер аудандық әкімдіктерде жинақталып, сайлаушылар тізіміне түзетулер енгізіледі.

Қалада тіркеуі жоқ адамдар бойынша: біріншіден, басқа өңірлерден келіп, уақытша тіркеліп, жұмыс істеп жатқандар көп. Сол себепті, олар заңды негізде біздің аудандық әкімдіктерге хабарласып, өзінің өтініштерін қалдыруына болады. Біз ол тізімді алып, аймақтарға жіберіп, біздің учаскелерге қосамыз. Сондай мүмкіндіктер бар», - дейді ол.