08 қар, 2018 сағат 11:36

Мұғалімдер мен дәрігерлердің тұрғын үй мәселесін шешетін Заң жобасын әзірлеу керек - Әйтімова

Мұғалімдер мен дәрігерлердің тұрғын үй мәселесін шешетін заң жобасын әзірлеу керек. Мұндай ұсынсты бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдаған сенатор Бірғаным Әйтімова жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Еліміздің тұрақты дамуы халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға үлкен үміт ұялатады. Қазіргі уақытта халқымыздың саны 18 миллион адамнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті. Қазақстан Республикасының Президенті осы жылдың 5 қазандағы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында өмір сүру деңгейі өсуінің негізгі құрамдас бөлігі ретінде өмір сүрудің сапасын арттыру мәселесіне баса назар аударды. Президентіміз білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі мәселелері, жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру мәселелері - әрбір қазақстандық отбасына қатысты болуы керек екенін атап көрсетті. Педагог қоғамның «қозғалтқышы», қоғамдық прогрестің катализаторы және үдеткіш рөлін атқарады. Дәрігер адамды туған кезде қарсы алады, әрдайым ауырған уақытында жанында және оны өмір жолының соңында шығарып салады. Педагогтар мен дәрігерлердің қоғамдағы маңызды миссияcына қарамастан, бүгінгі таңда олардың көбінің өмір сүру сапасы мен тұрғын үй жағдайы төмен деңгейде қалып отыр немесе өз баспаналары мүлдем жоқ. Мұндай жағдайды түбегейлі өзгертуіміз қажет», - деді Бірғаным Әйтімова сенатор Дариға Назарбаевамен бірге әзірлеген депутаттық сауалын жолдай келе.

Оның  дерегінше, елімізде мұғалімдердің жалпы саны 285 996 адамды, оның ішінде қалада - 114 627 адамды, ал ауылдық жерлерде - 171 369 адамды құрайды. Денсаулық сақтау ұйымдарында жалпы алғанда 247 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың 72 134-і - дәрігерлер, ал 175 246-сы - орта медицина қызметкерлері. Соның ішінде тікелей денсаулық сақтау жүйесінде - 56 570 дәрігер, 152 591 орта медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Жалпы республикада жарты миллионнан астам мұғалімдер мен медицина қызметкерлері жұмыс істейді, бұл халықтың жалпы санының 3 пайызын немесе еліміздің экономикалық белсенді халқының 6 пайызын құрайды.

«2018 жылдың 8 мамырында «Нұрлы жер» бағдарламасының іске асырылуын талқылау барысында Сенат депутаттары Үкіметке дәрігерлер мен мұғалімдерді қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жеке бағдарлама әзірлеуді ұсынды. «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы осындай бағдарламаның жобасын дайындады. Мұғалімдер мен дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу жолдарының бірі ретінде әскери қызметшілерге арналған тұрғын үй бағдарламасына ұқсас Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі іске асырып жатқан механизмді қолдану қажет деп есептейміз», - деді ол.

Сенатордың айтуынша, 2017 жылғы 12 желтоқсанда әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін, Сізден мұғалімдер мен дәрігерлердің тұрғын үй мәселелерін шешу бойынша жаңа алгоритмді қарастыратын Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеу жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруіңізді  сұраймыз», - деді Б.Әйтімова.