Фото: ашық дереккөз
9 қыркүйекте Moody's халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанды ұзақ мерзімнен кейін Baa2-ден Baa1-ге көтерді. Яғни еліміз биыл тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары нәтижеге ие болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан “тұрақты” деп болжанғанын мәлімдеді.
"Қазақстанның несиелік рейтингінің жоғарылауы экономиканың институционалдық және саяси ортаның үздіксіз жақсаруымен байланысты. Бұл факторлар экономикалық тұрақтылықты нығайтуға және несиелік рейтингін жоғары елдердің дәрежесіне дейін жеткізуге ықпал етеді", – делінген хабарламада.
Moody's мемлекеттік басқару және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі прогрессті атап өтеді. Сарапшылардың мәлімдеуінше, жүргізіліп жатқан реформалар саяси тұрақтылыққа, азаматтық белсенділікке және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың ашықтығына оң әсер етеді.
"Moody's төмен деңгейлі және қарызды төлеу мүмкіндігі жоғары Қазақстанның сенімді қаржылық көрсеткіштерін, сондай-ақ бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 2,5-3% деңгейінде ұстап тұрған үкіметтің сарабдал саясатын атап көрсетеді. Жаңа реформалар, соның ішінде жаңа Бюджет және Салық кодекстерін енгізу фискалдық саясаттың тиімділігін, қаржылық есептілік пен салық түсімдерін арттыруы тиіс", – деді министрлік.
Сондай-ақ баяндамада Қазақстан экономикасының құрылымындағы шикізаттық емес сектор үлесінің ұлғаюы атап өтілген. Демек елдің көмірсутектерге тәуелділігі азайып, мұнай бағасына байланысты тәуекелі төмендеген деп жазылған.
Moody's сарапшылары бизнес-климатты жақсарту және инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстарды, қолайлы бизнес экожүйесін құру және бюрократиялық кедергілерді азайту бойынша қабылданған шараларды оң бағалады. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны іске қосу әкімшілік процестерді жеделдетуге көмектеседі.
Мамандар басқа шикізат өндіруші елдермен салыстырғанда Қазақстанның экономикалық болашағы күшті екенін де атап өтті. Агенттіктің пікірінше, жүргізіліп жатқан реформалар елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтады.
Олардың пікірінше, көлік-логистика секторының дамуы – елдің өсу факторларының бірі. Бұл Транскаспий халықаралық сауда жолы бойынша жүктердің транзитіндегі белсенділіктің қарқынды өсуіне байланысты айтылған. Орта дәліздің келешегі ел экономикасының әртүрлі шикізаттық емес секторларына, соның ішінде автомобиль жасау, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдары салаларына шетелдік инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.
Moody's – америкалық корпорация, оған Moody's Investors Service халықаралық рейтинг агенттігі кіреді. Ол несие рейтингтерін жүргізіп, зерттеу жасайды және тәуекелдерді талдаумен айналысады.