05 шіл, 2025 сағат 14:43

Мобильді және банкаралық QR-төлемдер қыркүйекке дейін бір жүйеге біріктіріледі

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов екінші деңгейлі банктердің басшыларымен кездесу өткізіп, Банкаралық мобильді төлемдер жүйесін (БМТЖ) дамыту және телефон нөмірі мен бірыңғай QR-код арқылы жүзеге асатын банкаралық аударым сервистерін іске қосу мәселесін талқылады. Бұл туралы Ұлттық банктің ресми хабарламасында жарияланды, деп хабарлайды Ult.kz.

Кездесу барысында «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ қазіргі таңда енгізіліп жатқан банкаралық аударым жүйесінің нәтижелері мен болашақ даму жоспарын таныстырды. Қазіргі уақытта бұл жүйеге бес екінші деңгейлі банк қосылған. Жүйеге алғашқы банктер қосылған сәттен бері телефон нөмірі арқылы жүзеге асатын аударымдар көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Тағы төрт банк сынақтан өту және техникалық біріктіру кезеңінде тұр. Барлық банктер бұл жүйеге 2025 жылғы қыркүйек айына дейін қосылады деп күтілуде.

Кездесу барысында БМТЖ инфрақұрылымының маңызды бөлігі саналатын банкаралық QR-төлемдер сервисін енгізу мәселесі де қаралды. Жүйенің қауіпсіздігін күшейту мақсатында клиент деректерін беру форматы қайта қаралып, енді алаяқтық операцияларды анықтауға мүмкіндік беретін құрылымдалған әрі толық ақпарат енгізілді. Сонымен қатар, QR-төлемдер жүйесіне қосылатын банктерге қойылатын талаптар күшейтілді. Бұл өзгерістер жүйеге қатысушы банктер арасында бірыңғай сапа, қауіпсіздік және сенім стандарттарын қалыптастыруға бағытталған.

Жиын қорытындысында тараптар QR-төлем форматтары бойынша келісімге келіп, техникалық жұмыстар аяқталған соң жүйені толық іске қосу 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асады деген болжам жасалды.

Банкаралық мобильді төлемдер жүйесі «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ базасында әзірленіп жатыр. Бұл жүйе клиенттер мен бизнес үшін ыңғайлы және қауіпсіз төлем құралдарын ұсына отырып, транзакциялардың ашықтығын арттыруға, қаражатты қорғауға және заманауи қаржы инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк сарапшылар арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнама нәтижесін жариялаған болатын. Сауалнамада Brent мұнайының бағасы, Қазақстан экономикасының өсімі, инфляция деңгейі, базалық мөлшерлеме, экспорт-импорт көлемі мен теңге бағамы сияқты негізгі экономикалық көрсеткіштер қамтылған.