17 мам, 2021 сағат 08:55

ММА: Қазақстандық спортшы екі минутта чемпион атанды


Бүгін Хьюстонда (Техас штаты, АҚШ) Fury Fighting лигасының чемпионы титулы үшін қазақстандық боксшы Николай Веретенников (8-3) пен америкалық Энтони Айви (6-4) арасында жекпе-жек өтті, деп хабарлайды Sports.kz.

Жекпе-жек Fury FC 46 турнирінің көшін бастап, жартылай орта салмақ дәрежесінде өтті. Айқас жоспарланған уақытқа созылған жоқ. Себебі, бірінші раундтың 2:00 уақытында Веретенников қарсыласын нокаутқа жіберді. Осылайша, қазақстандық спортшы ММА-да тоғызыншы жеңісіне жетті. Ал Айви өз мансабында бесінші рет жығылды. 

Айта кетейік, турнирге UFC президенті Дана Уайт қатысты. Айви бұған дейін оның промоушенінде өнер көрсеткен.

Еске сала кетейік, қазақстандық Н.Веретенников бұл шараға қатарынан жеті жеңісінен кейін келді. Соңғы жекпе-жегінде ол төрешілердің бірауызды шешімімен Стивен Джонсты (8-2) жеңді.