20 жел, 2019 сағат 11:48

Митинг өткізу үшін адамдар енді әкімдіктерден рұқсат сұрамайды - Саиров

Саясаттанушы Ерлан Саиров ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысының кулуарында саяси жүйе эволюциялық тұрғыда өзгеріп келе жатыр деуге барлық негіз бар екенін атап өтті, деп хабарлады "Ұлт ақпарат".

«Біздің еліміздегі саяси реформаның басы басталды деп айтуға болады. Парламенттік оппозиция жөнінде жаңа норма енеді. Бұл - біздің еліміздің саяси ландшафтын өзгертетін үлкен шешім. Өйткені Парламентте, сонымен қатар жергілікті мәслихаттарда балама ой, балама бағдарламаларға жол береді. Екінші өте үлкен шешім – митинг туралы жаңа заң. Қазақстанда еуропалық стандарттар енгізіледі. Митингтерді өткізу үшін бұрындағыдай әкімдіктерден рұқсат сұралмайды. Митинг өткізушілер шара өтетін жердегі мемлекеттік органдарға хабарлама беретін болады», - деді ол. 

Сонымен қатар, ол адам құқығы жөнінде 130 және 174 бапқа өзгерістер енгізілетінін айтты. 

«Осы екі бап та өзгеріске ұшырайтын болады. Осы мәселелердің барлығы - саяси либерализацияның жүзеге асырылып келе жатқанының дәлелі. Қылмыстықтан әкімшілік іске ауысуды қоғам оң қабылдайды деп ойлаймын. Себебі халықаралық деңгейде де бұл үлкен мәселе туғызған болатын. Ол Қазақстан имиджін халықаралық аренада да көтеретін болады», - деді ол.

Айта кетейік, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Президент Қ. Тоқаев ҚР Конституциясына сай митингтердің өтуін хабарламалы түрде реттеу қажеттігін айтты. 

«Митингтер ешбір заңға қарама-қайшы келмесе, рұқсат беруге болады. Олар азаматтардың тыныштығы мен қоғамдық тәртіпке кедергі келтірмесе, әрине. Бұл - менің ұстанымым. Біз оны заңнамалы түрде бекітетін боламыз», - деді Тоқаев.