Сейсенбі күні Минск орталығында арнайы жасақ сарбаздары президент Александр Лукашенкоға қарсы нарызылық шарасын өткізбек болған студенттерді ұстады.
Президент сайлауының ресми қорытындысымен келіспейтін студенттер жаңа оқу жылы басталған күні оппозиция үндеуімен митингіге шыққан. Таңертеңнен бері студенттер университеттер алдында пикет өткізіп жатыр. Ондаған студент Минск орталығында шеру жасамақ болған, алайда арнайы жасақ сарбаздары олардың жолын бөгеп, шара өткізуіне мүмкіндік бермеді. Шамамен он адам ұсталды. Қалғандарын милиция күшпен таратты.
Минскінің тағы бір бөлігінде студенттер шеруі өтіп жатыр. Азаттықтың Беларусь қызметі тікелей эфирден хабар таратты.
Оқу орны алдында бірнеше студенттің ұсталғаны да хабарланды.
Осыған дейін Nexta телеграм-арнасында 1 қыркүйекте жалпыұлттық ереуілге шығу туралы ұрандар көтерілген болатын. Сейсенбі күні таңертең БелАЗ, Минск подшипник шығаратын зауыт пен өзге де кәсіпорындарда жұмысшылардың бір бөлігі ереуілге шыққан. 1 қыркүйекте кейбір дәмханалар, дүкендер мен шағын бизнес нысандары жұмыс істеуді тоқтататынын хабарлаған.
Беларусьте наразылық акциясының жалғасып жатқанына 24 күн болды. Наразылар 9 тамызда өткен президент сайлауының қорытындысы бұрмаланды деп санайды. Содан бері күн сайын мыңдаған адам көшеге шығып, наразылық білдіріп келеді. Алғашқы күндері қауіпсіздік күштері демонстранттарды күшпен таратып, мыңдаған адамды ұстаған. Жүздеген адам жарақаттанды. Бірнеше адам қаза болды.
Батыс елдері биліктің бейбіт халыққа күш қолдануын сынады. Кейбір Еуроодақ елдері Беларусьтің бірқатар шенеуніктеріне санкция салды.
Беларусь президенті Александр Лукашенко Батысты елдің ішкі ісіне араласты деп айыптады. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров та сейсенбі күні Беларусьтегі жағдай туралы айтып, Лукашенконың айтқандарымен іс жүзінде келісті.
"Біздің литвалық әріптестер талап қоямыз деп тым шектен шығып кетті. Олар Тихановская ханыммен демократиялық әдіс деп айтуға келмейтін амалдар арқылы жұмыс істейді деп айтуға барлық негіз бар" деді ол. Дегенмен Лавровтың нені меңзегені белгісіз. Бұған дейін Беларусь оппозициясы Лукашенкоға наразылық Ресейге наразылықты білдірмейді деп мәлімдеген.