25 мау, 2021 сағат 17:15

Министрлік Винокуровты жұмыстан шеттетуге қатысты мәлімдеме жасады


Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі "Астана" командасында Александр Винокуровпен болған жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".                                                        

"Мәдениет және спорт министрлігі Astana-Premier Tech велокомандасы мен Олимпиада чемпионы, танымал шабандоз Александр Винокуровтың арасындағы жайдан бейхабар. Еліміздегі спорт саласына жауапты мекеме болғанына қарамастан министрлікке бұл ауыс-түйіс жайлы хабарланбады. Мәдениет және спорт министрлігін бұл жайт қатты алаңдатады", - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметі бойынша, қазір "Астана" Президенттік спорт клубы мен оның қатарындағы барлық құрылымды Мәдениет және спорт министрлігіне беру процесі жүріп жатыр.

Жақын арада барлық процесс аяқталған соң Astana-Premier Tech велокомандасында болған жайтқа қатысты құқықтық баға беріледі, делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Александр Винокуров Astana-Premier Tech велокомандасының спорт жетекшісі қызметінен кеткені хабарланған болатын. Кейін Александр Винокуровтың өзі "Тур де Франс" қарсаңында қызметінен шеттетілгеніне таңғалғанын айтып, пікір білдірді.