17 там, 2023 сағат 15:22

Министрлік санкцияға іліккен қазақстандық компанияға қатысты мәлімдеме жасады

Фото: gov.kz

Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі "Defence Engineering" компаниясын АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) SDN санкциялар тізіміне енгізгенін растады.

ҰЭМ хабарлағандай, кәсіпорын Астанада тіркелген. Бүгінде оның қызметі белсенді емес.

Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша, компанияның қызметі 2021 жылдың 14 ақпанында тоқтатылған. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, аталған кәсіпорынға ерекше тауарларды өткізуге лицензия, рұқсат берілмеген.

"Біз компанияның санкциялар тізіміне енгізілуін оның иесі Ашот Мкртычевтің АҚШ санкциясында болуымен байланыстырамыз. Айта кетейік, Мкртычев - Қазақстан резиденті емес. Компанияның санкциялар тізіміне енгізілуі техникалық сипаттағы жәйт" - делінген хабарламада.

Бұл адам 2020 жылғы 7 наурызда ҚР аумағынан кетіп қалған. Одан кейін елге кірмеген.

"Defence Engineering"-тен өзге, оның басқа юрисдикцияларда тіркелген екі компаниясы да санкцияға іліккен.

"Біз батыстағы әріптестерімізбен үнемі байланыстамыз. Бұл компания бойынша тиісті шаралар қабылданады" - делінген министрлік хабарламасында.