ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов ресейлік «ТНТ-дағы би» шоуында өнер көрсетіп, Өскеменнің экологиясына қатысты мәселе көтерген Шыңғысхан Қабдыхалықтың сынына жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Айта кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын ресейлік «ТНТ-дағы би» шоуында өнер көрсеткен Шыңғысхан Қабдыхалық Өскемен қаласының экологиясына қатысты аталмыш телеарнада сын айтқан еді. Жас жігіт Ресейге кетер алдында екі қарындасының жөтеліп, ыстығы көтеріліп, ауруханаға жатып қалғанын, осының бәрі зауыттар ауаға тарататын лас қалдықтардың кесірінен екенін айтады.
Бұл мәселеге қатысты министрліктің ұстанымы қандай екенін бүгін ОКҚ-дағы баспасөз мәслихатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов айтып берді
«Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарындағы бұл мәселелерді білеміз. Қала ішінде үлкен зауыттар бар. Қазіргі таңда экологияны жақсарту мақсатында көп жұмыс істеліп жатыр. Жаңа экологиялық кодексте ең озық әрі қолжетімді технологияларды енгізу әдісімен мәселе біршама шешілер деп ойлаймыз. Өскемен, Павлодар, Қарағанды қалаларында қоршаған ортаға эмиссия көптеп шығарылады. Бүгінгі күні жаңа экологиялық кодекстің жаңашылдықтары осы мәселені шешеді деп ойлаймыз», - деді Ахметжан Пірімқұлов.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ахметжан Пірімқұлов желтоқсан айында Парламентке енгізілетін жаңа экологиялық кодекс жобасы қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуді көздейтінін хабарлаған еді.