27 жел, 2019 сағат 16:35

Министрлер ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтуда

ҚР Үкімет мүшелері Алматы түбінде ұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына көңіл айтуда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары- Қаржы министрі Әлихан Смайылов зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек көрсетілетіндігін атап өтеді.

«Алматы облысында әуе апатынан қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Бүкіл ел сіздермен бірге аза тұтуда. Барлығына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетін болады», - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен бірге, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Алматыдағы ұшақ апаты бойынша үкіметтік комиссия мүшесі Роман Скляр қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасына бпарлық көмек пен қолдау көрсетілетіндігін айтты.

«Ұшақ апатынан көз жұмғандардың туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Бұл жағдайға қатысты ешкім де мемлекеттің қолдау шараларынан тыс қалмайды. Қайтыс болғандардың туған-туыстары мен зардап шеккендерде қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетіледі», - деді Роман Скляр.

«Алматы түбіндегі әуе апатынан қаза болғандардың отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтамын. Қайғыларыңызға ортақпын»,- деп жазды ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Twitter-дегі парақшасында.

Ұшақ апатынан қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев те көңіл айтты.

«Алматы маңында орын алған жолаушылар ұшағы апатынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Апаттан зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасына оралуына тілектеспін. Арнайы құрылған Үкіметтік комиссия оқиғаның себеп-салдарын анықтайтынына сенімдімін», - делінген министрдің Facebook-те жарияланған жазбасында.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де Алматы қаласының маңында ұшақтың апатқа ұшырауы туралы қайғылы хабарды терең күйзеліспен қабылдағандықтарын хабарлады.

«Bek Air компаниясының жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз. Зардап шеккендерге тезірек сауығуды тілейміз», - делінген министрліктің Telegram-дағы хабарламасында.

Мәдениет және спорт министр Ақтоты Райымқұлова да Bek Air әуекомпаниясы ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқанқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

«Бүгін таңертең Алматы қаласының әуежайынан ұшып шыққан Bek Air әуекомпаниясының апатқа ұшыраған ұшағында құрбан болған және зардап шеккендер туралы ақпаратты терең күйзеліспен оқыдым. Мен Сіздермен бірге қаза тапқандардың туған-туысқандары мен ет-жақындарына қайғырып көңіл айтамын, ал зардап шеккендердің барлығының тезірек сауығып кетуін тілеймін», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі.

Өз кезінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевте апаттан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.

«Әуе апатынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Сіздермен бірге аза тұтамыз. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін», - деді ол.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Алматы қаласының маңында орын алған ұшақ апатынан қайтыс болған азаматтардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.

«Әуе кемесінің апатқа ұшырағаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Қаза болған азаматтардың отбасыларына, туыстары мен жакындарына шын жүректен көңіл айтамын. Жарақат алған азаматтарымыздың тезірек сауығып кетулеріне тілектестік білдіремін», – деді Біржан Нұрымбетов.

Айта кетейік, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді.

Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.