ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов БАҚ өкілдеріне браконьерлер жаралаған «Охотзоопром» қорықшысы Самат Оспановтың денсаулығы туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Охотзоопром» қорықшысының жағдайы тікелей менің бақылауымда. Күн сайын оның жағдайы туралы ақпарат келіп тұрады. Дәл қазір оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Толық ем алуын жалғастырады», - деді министр.
Еске сала кетейік, 23 шілдеде Ақмола облысы Бірсуат ауылында төрт қорықшы киікті қорғау мақсатында өңірді көлікпен шолуға шыққан.
Олар "Нива" көлігін мінген браконьерлердің үстінен түсіп, тәртіп бұзушылар қорықшыларға оқ жаудырады. Оқиға салдарынан жарақат алған Қаныш Нұртазин көз жұмды. Екінші қорықшы Самат Оспанов кеудесі мен иығынан жарақат алып, қазір ауруханада жатыр.
Ақмола полицейлері "Охотзоопром" инспекторларына шабуылдады деген күдікпен екі адамды ұстады. Ресми мәліметке сәйкес, 45 жастағы күдікті мен оның 20 жастағы ұлы – Арқалық тұрғындары.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев марқұм Қаныш Нұртазин мен зардап шеккен Самат Оспановты ерлігі үшін марапаттады.