20 там, 2019 сағат 10:29

Министр Павлодар облысындағы атысқа қатысты түсініктеме берді

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Павлодар облысының Маралды ауылындағы атыстың мән-жайын түсіндіріп берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ол жақтағы көл инвесторға жалға берілген. Инвестор аталған көлдің табиғи байлығын бағып, балығын аулаумен айналысады. Мәселе - санкцияланбаған балық аулау жағдайлары мен арнайы шаяндардың аулануында. Бірақ, бұл шаяндардың аулануы бойынша арнайы квота бар. Квотадан асырып, шаянды аулауға болмайды. Сол себепті, бұл шаяндарды аулау бойынша браконьерлік әрекет болмау үшін квота белгіленген. Бірақ, жергілікті тұрғындар шаянды квотасыз аулағандықтан, аталған кәсіпкер арнайы күзет қызметін жалдаған. Мұның бәрі айналып келіп, жергілікті тұрғындар мен күзет қызметкерлері арасында төбелеспен аяқталып, БАҚ-та көргеніңіздей жанжал болып, травматикалық қару қолданылған», - деді Ерлан Тұрғымбаев Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Министрдің айтуынша, осы жанжалдың салдарынан бес адам ауруханаға түскен.

«Бір жақсысы, ешкім ауыр жарақат алмапты. Қазіргі таңда ол жерде полицияның күшейтілген наряды жұмыс істеуде. Кеше сондай-ақ, күзет қызметкерлерінің ұрланған көлігі де табылды. Екі қылмыстық іс қозғалды. Жағдай бақылауда. Жедел тергеу амалдары басталып, оқиға орнына облыстық Полиция департаментінің бастығы шықты. Толыққанды ақпаратты түстен кейін ол БАҚ-қа береді», - деді ол.

Ішкі істер министрінің айтуына қарағанда, облыс аумағындағы көлшіктердің барлығы бойынша квотаны жергілікті атқарушы орган береді.

«Жанжал не үшін тіркелді? Бәрін анықтаймыз», - деді сөз соңында министр.

Айта кетсек, бұған дейін Павлодар облыстық Полиция департаменті 18 тамызда жергілікті тұрғындар мен күзет агенттігінің қызметкерлері арасында атыс болғанын хабарлаған болатын. Әу баста күзет қызметкерлері мотоцикл арқылы екі қап артемия салина шаяндарын әкетіп бара жатқан Маралды ауылының 32 жастағы тұрғынын ұстап алған. Осыдан кейін оқиға орнына жергілікті тұрғындар келіп, тараптар арасында атыс басталады.

Облыстық департаменттен хабарлағандай, тұрғындардың бірі күзет агенттігінің автокөлігін айдап кеткен. Көлік кейін табылғаны хабарланып отыр. Төбелес кезінде полиция қызметкерлері аспанға травматикалық қарумен оқ атқаннан кейін жиналғандар тарап кеткен. Сол күні түнде Павлодар қалалық ауруханаға 5 адам түскен.