Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығы болып бекітілгелі өңірде едәуір жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Осы орайда аймақтағы интернет мәселесінің, өңірдің цифрлық дамуының маңыздылығы ерекше екенін атап өткеніміз жөн. Сол себепті Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жұмыс сапарымен Түркістан облысына барып, өңірді цифрландыру барысымен танысты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Ведомство басшысы ауылдық елді мекендерді Интернетке мобильді кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету жөніндегі «250+» жобасына енген Ордабасы ауданының Жусансай және Аққойлы ауылдарын аралады.
«Біз бұған дейін Интернеттің сапасына шағымданған болатынбыз. Қазір ауылдағы жағдай едәуір жақсарып қалды. Оны бүгін министр де өз көзімен көрді. Әсіресе былтыр-биыл пандемия кезінде интернеттің, онлайн оқу мен қашықтан жұмыс істеудің нәтижесінде біз осындай мүмкіндікке ие болып отырмыз. Адамдар ауырмасын, ауылдарымыз дами берсін», - деп тілектестік білдірді ауыл тұрғындары.
Өйткені ауыл тұрғындарына операторлар осы жылдың маусымына дейін байланыс сапасының мәселесін шешуге уәде берді.
«Біз реттеуші ретінде операторларға ауыл тұрғындары қанағаттанатын сапалы байланыс ұсынылғанға дейін айыппұлдарды сала береміз», – деп атап өтті Бағдат Мусин Жусансай ауылының тұрғындарымен кездесуде.
ҚР ЦДИАӨМ бұйрық жобасын әзірленін, оған сәйкес байланыс сапасының көрсеткіштері (3G үшін 1 МБит/с, 4G үшін 5 МБит/с) анықталғанын атап өту қажет.
Сонымен қатар, Министр «Turkistan 109» бірыңғай байланыс орталығының жұмысымен танысты. Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов министрге қаладағы жай-жапсарды түсіндірді.
«Осы өзіңіз көріп отырған байланыс орталығының ресми ашылудан бастап қаланың тыныс-тіршілігінің түрлі салаларында: сумен жабдықтау, газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, қоғамдық көлік, білім беру және т.б. 12 мыңнан астам өтініш қабылданды. Қазір осы мәселелер бойынша жұмыстар атқарылып жатыр», - деді Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов.
Сонымен қатар, Министр Ордабасы ауданы Бадам ауылындағы технологиялық сүт-тауар фермасында (СТФ), Кентау трансформатор зауытында болып, өндірісті автоматтандырумен танысты. Бұған дейін зауыт ҚР ЦДИАӨМ қуатты трансформаторларды дайындау бойынша технологиялық процесті роботтандыруға инновациялық грант алды. Сонымен бірге, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ облыстық филиалының ұжымымен кездесіп, жұмыстарымен танысты.
Министр осыдан кейін респбликадағы үшінші мегаполис атағын алған Шымкент қаласына келді. үшінші бас қалада да қаланы цифрландыру барысымен танысып, бірқатар нысандарды аралады. Қаланы аралау барысында, Бағдат Мусин Көкбұлақ тұрғын алабында болып, тұрғындармен кездесіп, байланыс қызметінің сапасын тексерді. Бүгінгі таңда Көкбұлақта WCDMA және LTE технологияларын пайдаланатын ұялы байланыс операторларының базалық станцияларына арнайы антенналар орнатылған.
«Министрдің қаламызға сапары барысында Шымкенттің цифрлық даму саласындағы ағымдағы жай-күйі мен алдағы жылға арналған жоспарлармен таныстырдық. Қоғамдық қалалық көлікте Министрге электрондық билеттеу жүйесін көрді. Сондай-ақ, жеке компания мен қала әкімдігінің бірлескен «Самокат Шэринг» жобасымен танысты», - деп атап өтті қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Қала әкімінің айтуынша, Министр Silkway Халықаралық университетіне барып, онда «SMART Hub SILKWAY» IT-орталығының «Ақылды жаяу жүргінші», 3D модельдеу, «Digital Shymkent», «Ақылды Қүнбағыс» және AntiCOVID жобаларымен танысқан. Сондай-ақ, өңірлік IT-орталықтың Astana Hub халықаралық технопаркімен ынтымақтастығы талқыланған.
«Әрбір өңірде IT-мамандардың дамуы маңызды. Түркістан облысы мен Шымкент қаласында IT-мамандардың саны аз, бірақ талпыныс бар. Сол себепті, біздің тараптан, өңірлерде IT-мектептер ашатын боламыз», – деп атап өтті Бағдат Мусин.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығы болып бекітілгелә өңірде едәуір жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Осы орайда аймақтағы интернет мәселесінің, өңірдің цифрлық дамуының маңыздылығы ерекше екенін атап өткеніміз жөн. Сол себепті Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жұмыс сапарымен Түркістан облысына барып, өңірді цифрландыру барысымен танысты.