11 қаз, 2022 сағат 12:11

Министр нанның қымбаттауына қатысты пікір білдірді


Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстандағы нан бағасы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

"4 қазанда нан 11,9 пайызға қымбаттады. Бәріңіз білесіздер, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қаңтардан қыркүйекке дейін арзандатылған астық жеткізді. Қазаннан бастап жыл аяғына дейін өңірлер жаңа егінге қатысты баға қояды", - деді министр кулуарда журналистер сұрағына жауап бере отырып.

Қарашөкеев нан бірнеше себеппен қымбаттауы мүмкін екенін түсіндірді.

"Компоненттер, электр энергиясы қымбаттап жатыр, коммуналдық қызметтер. Сондықтан, жалпы бағаның өсуі бар, оны көріп отырмыз. Қаңтардан бастап бағаны тұрақтандыру үшін барлық шараны қабылдаймыз. Жалпы, бағаның шарықтауына негіз жоқ. Өйткені ұн былтырғымен салыстырғанда көбірек өндіріледі, бидай көп, тіпті орташа жылдық өнімнен де жоғары. Тұрақтандыру қорына биыл миллион тонна астық жинауды жоспарлап отырмыз. Оның 900 мың тоннасы -  бидай. Бар қорларды ескере отырып, барлық әлеуметтік маңызы бар өнім, оның ішінде әлеуметтік ұн бағасын толығымен сақтаймыз", - деп түсіндірді министр.