29 мам, 2020 сағат 16:22

Министр медицина қызметкерлерінің еңбекақысы қалай көтерілетінін айтып берді

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық қызметкерлердің еңбекақысын көтеру бойынша жұмыс жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Денсаулық сақтау саласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы бойынша медицина қызметкерлерінің, соның ішінде дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен көтеру жоспарланған еді. 2025 жылы экономика бойынша орташа 2,5 пайыздық арақатынас деңгейіне жеткізу көзделген. Алайда Президент бұл тапсырманы 2023 жылға дейін орындауды тапсырды», - деді Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасында «Хабар 24» арнасы тілшісінің сұрағына жауап бере отырып. 

Министр тиісті есептеу жұмыстары жүргізіліп қойғанын айтып өтті. 

«Тиісінше біз есеп жүргіздік. Алайда бұл жоспарлы жұмыс өткен жылы басталып кеткенін атап өткім келеді. Ол кезде біз айлықты 30 пайызға арттырған едік. Биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізе отырып, мамыр айында ҚР бюджеті мен Медициналық сақтандыру қорынан еңбек төлемі қорын 30 пайызға арттыру үшін қаражат бөлдік. Есеп жүргізіп отырсақ, еңбек төлемі қорын жыл сайын 30 пайызға көтеріп отыру керек болады. Осының арқасында мақсат тұтқан 550 мың теңгелік орташа айлыққа қол жеткіземіз», - деді ол.